Сенатта ұлттық мереке – Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Сенатта Республика күніне орай салтанатты іс-шара өтті
1,178
оқылды

Іс-шара барысында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Егемендік туралы декларацияның тарихи маңызына тоқталып, аталған құжат Қазақстан тәуелсіздігінің негізі болғанын атап өтті.

«Егемендік туралы Декларация қабылданған дата еліміз үшін тарихи күн. Бұл  еліміздің еркіндік жолында жасаған аса маңызды қадамы.  Сол себепті, осы күнді мереке ретінде қайта қалпына келтіріп, оған ұлттық мәртебе беруді тарихи әділеттіліктің жарқын көрінісі деп қабылдаймыз. Декларацияға сәйкес, Қазақстан өзін халықаралық құқықтың дербес субъектісі ретінде бекітті. Құжатта ел территориясының тұтастығы, оған қол сұғылмайтыны туралы стратегиялық норма да нақты белгіленді. Сондай-ақ еліміз демократиялық құқықтық мемлекет құру жолымен жүретінін мәлімдеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен Әділетті Қазақстан құру бағытында іске асырылып жатқан реформаларға назар аударды. Оның ішінде экономикалық саясаттың жаңа үлгісін қалыптастырудың маңызды екеніне баса мән берді.

«Сенат Президентіміздің бастамасымен қолға алынған және елімізді одан әрі жаңғыртуға арналған реформаларды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету үшін жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Қазір  алдымызда тұрған басты міндеттеріміздің бірі – экономикалық саясаттың жаңа моделін қалыптастыру. Мемлекет басшысы өз Жолдауында бұл саладағы негізгі бағдарды белгілеп берді. Соған сәйкес заң шығару қызметінде осы бағытқа басымдық береміз. Мұның бәрі баршамыздың ортақ мақсатымыз – Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадамдар», – деген Мәулен Әшімбаев Сенат депутаттары мен аппарат қызметкерлері бұл салада үйлесімді жұмыс істеп келе жатқанын тілге тиек етті.

Іс-шара барысында Сенат Спикері қатысушыларды мерекемен құттықтап, бірқатар сенатор мен аппарат қызметкеріне мемлекеттік наградаларды тапсырды.

Биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен сенаторлар Әли Бектаев ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, Ақмарал Әлназарова, Ләззат Қалтаева және Бекболат Орынбеков «Парасат» орденімен марапатталды.

Сондай-ақ тағы бір топ сенатор мен аппарат қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар және халықаралық парламентаралық ұйымдардың марапаттары салтанатты түрде тапсырылды.

Фото: Нұрсұлтан Байбулин