Облыс орталығында өткен мониторинг жұмысына өңірлік даму жөніндегі аймақтық кеңес және партиялық бақылау комиссиясы өкілдері қатысты.
AMANAT әлеуметтік азық-түлік бағасына мониторинг жасады
533
оқылды

Бүгін «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы тұрақтандыру қоры қоймасының жұмысымен танысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Облыс орталығында өткен мониторинг жұмысына  өңірлік даму жөніндегі аймақтық кеңес және партиялық бақылау комиссиясы өкілдері қатысты.

Бүгінде тұрақтандыру қорында тауарларды сақтауға арналған жалпы сиымдылығы 5250 тонналық 2 қойма бар. Оның ішінде сыйымдылығы 3250 тоннаны құрайтын қойма 2011 жылы, ал көкөніс сақтау қоймасы 2020 жылы пайдалануға берілген. 

Қазіргі таңда өңірде азық-түлік қорында тапшылық жоқ. Нақты уақытта 37 әлеуметтік дүкен қалыпты жұмыс істеуде. Бүгінде тұрақтандыру қорын 2023 жылғы күзгі көкөніс тауарларымен қамтамасыз үшін форвардтық шарттар шеңберінде 1545 тонна картопқа, 800 тонна басты пиязға, 446 тонна сәбізге келісім шарттар жасалған. Нақты уақытта 800 тонна басты пияз және 33 тонна картоп қоймада сақтаулы. Қалған тауарлар сұранысқа сәйкес жеткізілмек. Бұған қоса, «КазСевер Агро» ЖШС-мен 1400 тонна картоп, 231 тонна сәбіз, 200 тонна қырыққабат жеткізіледі деп күтілуде. Сондай-ақ  «Ынтымақ-10» шаруа қожалығымен 200 тонна қырыққабат сатып алуға келісім шарт жасалған.

«Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында әлеумттік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің 10 түрінің қоры жеткілікті түрде қоймада сақтаулы. Ең бастысы, бағасы килограмына 128 теңгені құрайтын ұнның 75 тоннасы резервте тұр. Қосымша «Қазақ ұны» ЖШС-нен 4760 тонна 1 сортты ұн сатып алуға келісім шарт жасалып, оның 1610 тоннасы жеткізілген», – деді  «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы басқармасының бас маманы Қанат Тәжкенбаев.

Әлеуметтік маңызды тауарлармен қамтамасыз етудің жай-күйін електен өткізген мониторингтік топ өкілдері тұрақтандыру қорының өнімдері тұрғындарға тиімді бағада ұсынылуы қажеттігін жеткізді. Нарықтағы азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бағытындағы шаралар үнемі «AMANAT» партияcының бақылауда болатындығын мәлімдеді. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы