Шенеунік пара алғаны үшін бас бостандығынан айырылған.
Шымкенттік шенеунік 300 мың теңгеге жалған анықтама жасап, пара алған
1,377
оқылды

Шымкент қалалық сотының хабарлауынша, Арал-Сырдария облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары үш жылға сотталды. Ол жалған анықтама беріп, 300 мың теңге пара алып отырған.

Қылмыстық іс Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында жалпы тәртіппен қаралған. Сотталушы Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігі "қызметтік өкілеттігіне кіретін пара берушінің пайдасына жасаған әрекеті үшін айтарлықтай мөлшерде жеке өзі пара алу" бойынша айыпталған.

"Азамат О. "Қазақстан Республикасы Экология, геология, және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитеті Арал-Сырдария облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы" республикалық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары, лауазымды адам бола тұра, өзінің қызметтік өкілеттігіне кіретін пара берушінің пайдасына жасаған әрекеті үшін, яғни "Балықтың қайдан ауланғандығы туралы" анықтаманы бергені үшін  300 мың теңге пара алған", – делінген сот хабарламасында.

Қазір сотталушы Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігі қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны бойынша кінәлі деп танылған. Яғни, 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

"Ол айыптау бойынша кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұраған. Сотталғанға мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ", – деп хабарлады соттан. 

фото: aikyn.kz