Республика күні барлық өңірде жоғары деңгейде аталып өтіп жатыр.
Елордада мерекеге орай 200-ден астам шара өтпек
1,239
оқылды

Бүгін жер-жерде Мемлекеттік Әнұранымыз шырқалып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін мәдени шаралар ұйымдастырылып жатыр. Мәселен, Республика күнін мерекелеу аясында елордамызда 200-ден астам мәдени, спорттық және әлеуметтік шара өткізу жоспарланған. Оның ішінде концерттер, автошерулер, көрмелер, балаларға арналған экскурсиялар және ұлттық спорт түрлерінен жарыстар бар.

– Сонымен қатар мерекеге орай халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарға 1 мыңнан астам азық-түлік себеттері таратылды. 23 қазан мен 6 қараша аралығында жастар мен жасөспірімдер арасында бокстан Азия біріншілігі өтеді. Елордада мәдениет басқармасына қарасты 6 театр бар. Мәселен, Максим Горький атындағы орыс драма театры Қанат Жүнісовтың «Әлия» драмасын, Антон Чеховтың «Шие бағы» комедиясын және француз драматургы Эдмон Ростанның «Сирано де Бержерак» романтикалық драмасын ұсынады. Ал астанадағы «Қуыршақ театры» 25 қазанда сағат 12:00-де балаларға «Қаңбақ шал» ертегісін қояды, – деді қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов. 

Оған қоса, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, Астана қаласының шет аймақтарында, яғни Есіл, Нұра, Сарыарқа, Алматы және Байқоңыр аудандарындағы тұрғын үй алаптарында мерекелік концерттер ұйымдастырылады. Балаларға арналған түрлі ойын-сауық бағдарламалары да қамтылған.