Қазақстанның Егемендік декларациясы 1990 жылдың 25 қазанында Алматыда өткен ғылыми-тәжірибелік конференциясында сол кездегі Жоғарғы кеңес депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ғалымдардың қатысуымен талқыланды.
Республика күні – ұлтты бірлікке үндейтін ұлттық мереке
1,242
оқылды

Құжатты академик атақты заңгер Салық Зиманов таныстырды. Тәуелсіздікті айқындайтын тасқа таңба басқандай қағаз жүзіндегі, ел жүрегіне жеткен тәуелсіздік рухтағы Егемендік декларациясы осылай қабылданып, 25 қазан – Республика күні болып белгіленді. 

Еліміз Тәуелсіздік жарияланған күннен бастап дүниежүзілік қоғамдастық құрамына ене отырып, адам құндылықтарын сақтау, дамыту жөнінде өзіне міндеттемелер алған болатын. Соның ең алғашқысы 1991 жылы Семей ядролық полигоны жабылды. Қазақстан бүкіл адамзатқа үлгі болып, алғашқы өткір шешімдер осылайша қабылданды. Бұл Тәуелсіздік тарихындағы алғашқы дәуірлік тарихи шешімнің бастамасы ғана еді. Әлем жұрты таңғалды, таңдайын қақты. Тәуелсіз ел – Қазақстанды тану дәуірі басталды. 

Дәл осы нақты шешім саналы адамға жер бетіндегі ядролық сынақ полигондарын жабуға болады деген ой тастады. Қазақстан туралы жағымды қоғамдық пікір қалыптастырудың алғашқы баспалдағы осылайша салынды. Франция президенті Франсуа Миттеран «Кеңес Одағына кіргендердің барлығының арасында ең тұрақты және көп үміт күттіретін мемлекеттердің бірі» деп «Қазақстан» арнасына сұхбат берді» деп 1993 жылдың 14 қыркүйегінде Елисей сарайының баспасөз қызметі ақпарат таратты. Тәуелсіздіктің алғашқы туын желбіреткен шекарамыз  шегенделді. Төл теңгеміз айналымға енгізілді.

Алғашқы Ата заңымыз қабылданды. Уақыт талабына сай оған өзгерістер мен толықтырулар референдум арқылы енгізілді. Халықтар ассамблеясы құрылды. 1997 жылы қабылданған «Қазақстан – 2030» стратегиясы өз міндет-мақсаттарын толығымен орындап, «Қазақстан – 2050» стратегиясы Мәңгілік ел идеясы дүниеге келді. Ұлттың өзін-өзін тануына, бойдағы туа біткен ұлттық сананы мемлекеттік санамен ұштастырудың уақыты келіп жетті. Әр қазақтың намысын оятатын «Рухани жаңғыру» тарихқа, дәстүрге құрмет, болашаққа бағыт дүниеге келді. Көкірек көзіміз ашылып, ұлттық рух көтерілді. 

«100 нақты қадам» бұл дамыған 30 елдің қатарына қосылуға арналған жоспар болды. «Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасы адам капиталына арқа сүйеуге арқау болып, қоғамдағы еңбек адамының орны туралы айтылды.

Еңбек адамының қоғамдағы орны төр екенін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемеұлы Тоқаев сөзбен ғана емес нақты іс-әрекетпен көрсетті. Кеше Астанада өткен мемлекеттік наградаларды алғандардың басым көпшілігі – еңбек адамдары. Еңбек адамдары Ақорда төрінде кеуделеріне орден, медаль тағып өз бағасын алды. Бұл шын мәнінде әділдік пен теңдіктің салтанат құруы болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру бәрімізге ортақ міндет деп азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін осы арнаға қолдану керектігін нақтылады, халықпен кері байланыс орнатудың тиімді жолдарын айқындады. Осылайша, сабақтастық жолы өз жемісін нақты түрде бере бастады. Бұл да – тәуелсіз елдің сыртқы күштерге тәуелсіз стратегиясының өміршеңдігінің белгісі.

«Бізде Қазақстанның дамуына қатысты нақты ұстаным бар, тиісті стратегия мен жұмыс жоспарлары бекітілді, қажетті ресурстар қарастырылған», – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев түйін сөз айтты.  Қоғамдағы тұрақтылық пен бірлік тәуелсіздікті сақтаудың алғышарттары екені бүкіл халық түсініп отыр. 

2009 жылдары заңдарға өзгеріс енгізіліп, 25 қазан – Республика күнінің мереке мәртебесі алынды. Былтырдан бастап мерекені қайта аталуы елді қуантты. Бұл мереке – бүкіл ұлттың мерекесі, қуаныш пен теңдіктің мерекесі, тәуелсіздікті ұлықтайтын мереке. Республика күні ұлтты бірлікке үндейтін, татулыққа жетелейтін ұлттық мейрам.

Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты, облыстың Құрметті азаматы