Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы заң қалай жұмыс істейді?
Ұрланған қаржыны мемлекетке қайтару да үлкен жұмыс – Қайрат Балабиев
1,075
оқылды

Шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы заң қалай жұмыс істейді және олигархтардың қайтарылған ақшасы халық игілігіне жұмсала ма? Бұл туралы осы заң жобасын әзірлеумен айналысқан депутаттардың бірі, «AMANAT» фракциясының мүшесі Қайрат Балабиев айтып берді.

«Біз заң жобасын шілде айында қабылдап біттік. Содан кейін Президент қол қойды. Үкімет жанында комиссия құрылды, Бас прокуратураның жанынан комитет құрылды. Комитет қабылдаған шешімдердің барлығы ашық болады, халыққа жетеді. Бұл заңда дамыған озық елдердің тәжірибесі ескерілді. Келешекте бұл заңнан халыққа көп пайда келеді, түскен ақшаның бәрі тікелей әлеуметтік салаға – мектептер, ауруханалар салуға жұмсалады. Заң қабылдаған соң, мұның жұмысына ешкім кедергі бола алмайды,  деді ол Abay LIVE YouTube арнасына берген сұхбатында.

Оның сөзінше, қылмыстық жауапкершілікті былай қойғанда, заңсыз шығарылған қаржыны мемлекетке ерікті түрде қайтарып алудың өзі үлкен жұмыс.

«Заңда ақшаны өз еркімен қайтару деген бап бар. Кімде-кім көп ақша шығарып, келісіммен өздігімен ақшаны қайтарып жатса, ол өте жақсы. Қаржыны қайтарып алудың өзі үлкен жұмыс. Мұның өзі үлкен жаза. Оның үстіне, қайтқан ақша халық игіліне жұмсалады ғой. 100 млн доллардан аса қаржы шығарғандардың барлығын тексереді. Құқық қорғау органдарына оларды тауып, заңсыздықтарды анықтау қиындық тудырмайды»,  деді жаңа заң туралы депутат. 

Сұхбаттың толық нұсқасын YouTube әлеуметтік желісінен көруге болады.