Астанада Еуропа Кеңесі мен ЕҚЫҰ-ның қолдауымен «Киберқылмысқа қарсы күрес бойынша халықаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Киберқылмысқа қарсы күрес мәселелері талқыланды
516
оқылды

Іс-шараға Астана қаласындағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесінің басшысы, сондай-ақ халықаралық және қазақстандық сарапшылар, еліміздің құқық қорғау және қадағалау органдарының өкілдері қатысты.

Конференцияны ашқан ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сөнтаев цифрлық технологиялар мен сервистер әлем елдерінің халқына қолайлы жағдай жасай отырып, барлық салаларға белсенді еніп жатқанын атап өтті. Алайда олардың дамуы жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, қылмыскерлерді де жаңа құралдармен қаруландырып отыр. Сондықтан киберқылмысқа бірлесіп қарсы тұру өте өзекті мәселе.

Жиынға қатысушыларды киберқылмысқа, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы күрес шараларының отандық тәжірибесімен ІІМ Криминалдық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы  Жандос Сүйінбай таныстырды. Ол киберпол – киберқылмыстарды ашумен және тергеумен айналысатын ел өңірлеріндегі арнайы бөлімшелердің жұмысы туралы айтып берді.

Алматы полиция ведомствосы академиясының басшысы Айдар Сейтбеков ақпараттық-коммуникациялық ортадағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашумен және тергеумен, полицияны it-криминалистикалық қамтамасыз ету саласындағы зерттеумен айналысатын қазақстандық мамандарды даярлау туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары ақпараттық-коммуникациялық ортадағы бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл бойынша білім алатын киберлаборатория мен киберполигонның жұмысына да тоқталды.

Кездесуде әлемдегі киберқылмыстың жай-күйі мен даму үрдістері, ақпараттық-телекоммуникациялық технологиялар саласындағы қылмыстарды анықтау және алдын алу, киберқылмыспен күрес жөніндегі бөлімшелердің халықаралық өзара іс-қимылы талқыланды.

Конференция аясында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуропа Кеңесінің стандарттары, киберқылмыстар және электрондық дәлелдемелер бойынша әртүрлі елдердің заңнамасын халықаралық құралдармен үйлестіру, киберқылмысқа қарсы күресте жеке сектормен өзара бірлесіп әрекет ету және т.б. мәселелер қарастырылды.