Акуланың түрі көп. Соның бір түрі уылдырықтан өспей, бірден акула боп туады. Өзі өте ірі, өте салмақты тұқым болса керек.
Алпысқа келген акула
554
оқылды

Сондықтан да болуы керек өмірге келе сала жүзіп, жүзіп жүріп өлетін көрінеді. Жүзбесе, судың түбіне кетеді. Өйткені ауыр. Жүзіп жүргенде білінбейді. Сәл тоқтаса – қауіп, өлім...

Мен Көпен бауырымды көптен білем. Оның бір асықпай жүргенін, жұмыссыз жүргенін, алаңсыз тыныш отырғанын көргенім жоқ. Үнемі шаруа үстінде, үнемі іздену үстінде. Әйтпесе, әлгі акула секілді құрдымға кететін түрі бар. Жақсы қасиет, жақсы қылық! Жасыратыны жоқ, мен өзім де осындай адаммын. Демек, Көпенді жақсы көруім, табиғи туысым деп есептеуім заңды құбылыс...

Жақсы көрудің де жақсы көруі бар... Тіпті, Көпен өлеңдерін оқып отырып, сол дүниелерді өзім жазғандай сезінемін. Материалды игеруіне қызығамын. Таптанды нәрсеге табиғаты қарсы. Үнемі жаңалыққа ұмтылады. Ал жаңалық шашылып жатқан жоқ. Оны іздеу керек! Іздеу аз. Міндетті түрде табу керек. Көпен соны қайтсе де табады! Ол табады – мен қуанамын.

Қадыр МЫРЗА ӘЛІ,

Халық жазушысы, Мемлекеттік

сыйлықтың лауреаты, 2010 жыл