Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған халықаралық шарттарды ратификациялады және депутаттық сауалдарын жолдады.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеу маңызды
500
оқылды

Отырыс барысында депутаттар «Қа­зақ­стан Республикасы мен Кипр Рес­публикасы арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау тура­лы» және «Қазақстан Республикасы мен Кипр Респуб­ликасы арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заңдарды қарап, мақұлдады. Бұл заңдар екі мемлекеттің қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақ­тастығын көздейді.

Ұстап беру туралы шартта іздеуде жүрген азамат­тарды қылмыстық жа­уап­кершілікке тарту үшін оларды Қазақстан мен Кипр арасында экс­тра­дициялау мәселелері, сондай-ақ ұстап беруден бас тарту үшін міндетті және факультативтік негіздер регламент­теледі. Атап айтқанда, егер іздеуде жүрген адам тергеуде болса және осы­ған ұқсас қылмысы үшін осы мемле­кет­тің сот тәртібімен қудаланса, адам­дарды ұстап беруден бас тартылуы мүм­кін. Сонымен қатар қылмыстың ауырлығын ескере отырып, егде жас, денсаулық мәселесі немесе басқа да жағдайлар беруден бас тартуға негіз бола алады.

Осы ретте уағдаласушы мемле­кет­тердің өз аза­маттарын ұстап беруге жол берілмейтінін атап өткен жөн.

Қылмыстық істер бойынша құ­қық­тық көмек туралы заңда көрсетілген құқықтық көмектің бел­гілі бір түрлері сақталмаған жағдайда, яғни мемле­кеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне қа­тер төндірсе, оның ұлттық заңнама­сына немесе халықаралық міндет­теме­леріне қайшы келсе, құқықтық көмек көрсетуден бас тарту көзделген.

«Мақұлданған заңдар Қазақстан мен Кипр Рес­публикасы арасында құқық қорғау саласы бойынша ынтымақтастықты дамытуға арналған. Келісімнің ережелері ұстап берудің шарттары мен рәсімдерін, сондай-ақ азаматтарға құқықтық көмек көрсету мәселелерін реттейді. Алдағы уақытта осы заңдар екі елдің қылмысқа қарсы күрес жолындағы бірлескен қызметінің тиімділігін арттырады және өзара қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.

Нұртөре Жүсіп ұлттық құндылық­тарды дәріптеу жөніндегі жұмысты жандандырудың маңызды­лығына тоқ­талып, бұл іске «Қазақстан халқына» қорын да қосу қажет екенін атап өтті.

Сергей Ершов орман шаруа­шылығы саласын­дағы проблемаларға назар аударды. Нақты айтқанда, депу­тат кордондардың инфра­құрылымына, арнайы техниканың, мамандарға қа­жетті киімдер мен басқа да бұйым­дардың сапасына алаңдаушылық білдірді.

Бауыржан Қаниев Ақтөбе облы­сын­дағы Көк­жиде кен орнының мұнай қалдықтарымен ластануы тұщы су тапшылығына алып келетінін айтты. Сенатор жағдайды жақсартуға бағыт­талған бірқатар нақты шара ұсынды.

Ләззат Қалтаева тиісті заңға әре­кет­ке қабілет­сіздік мәртебесін таға­йын­дау және алып тастау туралы өз­герістер енгізу мәселесін көтерді. Сондай-ақ депутат қорғаншылар мен қамқоршылардың теріс әрекеттерінен қорғау үшін қамқоршылыққа мұқтаж тұлғалардың құқықтарын күшейту бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.

Андрей Лукин Үкіметке мемле­кеттік қажеттілік үшін жер учаскелерін алып қою кезінде мемлекеттің негізсіз шығындарын азайтуға бағытталған шаралар қабылдауды ұсынды.

Сұлтанбек Мәкежанов құрылыс са­ла­сындағы іскерлік индекстің тө­мен­деу себептеріне тоқталды. Сена­тор­дың пікірінше, тұрғын үйді сатып алу мен жалға алу бағасының өсуі заң­сыз құрылысқа және отандық құ­рылыс материалдары нарығындағы тапшылыққа әкеліп соқтырған.

Нурия Ниязова шетелдердегі қақ­тығыс аймақ­тарында қалған Қазақстан азаматтарына қолдау көрсету үшін ми­нистрліктермен және бейінді ұйым­дармен бірлесіп Хаттама әзірлеу мәсе­лесін тілге тиек етті.