Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік ака­де­миялық балалар мен жасөспірім­дер театры биыл кезекті ауқымды шараны көрермен назарына ұсын­бақ.
Жас режиссердің қойылымдары сахналанады
840
оқылды

Театр әлеміндегі жас режис­сер­лердің жетістіктерін насихат­тап, олардың кәсіби әлеуетін арт­тыру мақсатында І Республикалық жастар театрлары фестивалі ұйым­дастырылып отыр. 

Мәдениет және ақпарат министрлігі­нің қолдауымен өткізілетін фестивальде отандық 8 режиссердің туындылары таныстырылады. Атап айтқанда, Гүлназ Балпейісова, Мейрам Хабибуллин, Антон Зайцев, Әлібек Өмірбекұлы, Ша­ғуан Үмбетқалиев, Анна Цой, Әридаш Оспанбаева және Шыңғыс Жақыпбай сынды 35 жасқа дейінгі режиссерлердің таңдаулы қойылымдары сахналанады.

«Фестиваль арқылы тағы бір көзде­геніміз – қазақстандық режиссерлердің кәсіби шеберліктерін шыңдау, шығар­машылық тәжірибе алмасу», – дейді шара ұйымдастырушылары. 

Сонымен қатар жастар театрлары фестивалінде Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры, Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыс­тық академиялық драма театры және т.б ұжым өкілдері үздік қойылымдарын ұсы­нады. Республикалық ауқымда ұйым­дастырылған шара аясында театр өнеріне зор еңбегі сіңген қайраткерлер Нұрқанат Жақыпбай, Есмұқан Обаев, Талғат Теменов, Әубәкір Рахимов, Қуандық Қасымов, Гүлсина Мир­ғалиева, Мұрат Ахманов және т.б мә­дениет саласының майталмандары бой көрсетеді. Ұлттық және әлемдік мә­дениеттің құндылық­тарын үйлестіре отырып, ұйымдастырыл­ған І Республи­калық жастар театрлары фестивалінің ресми ашылу салтанаты 1 қараша күні сағат 17:00-де өтеді. Шара барысында елімізде үздік деп танылған қойылым режиссерлері марапатталады.

Айта кетейік, фестиваль аясында өтетін қойылымдар Алматы қаласындағы үш театр сахнасында ұсынылады. Нақты­лайық, 1 қараша сағат 17:00-де фестиваль­ден тыс «Құлагер» қойылымы Ғ.Мүсіре­пов театрында, 2 қараша күні 15:00-де «Я есть», «Тотальный театрында»  18:30-да «Қарагөз» трагедиясы Ғ.Мү­сіре­пов театрында, 3 қараша 11:00-де «Шы­рақ» лирикалық драмасы Ғ.Мүсірепов теа­трын­да, 18:30-да «Кассандра таңбасы» М.Әуезов теа­трында көрерменмен қайта қауышады. Ал 4 қараша 15:00-де «Ричард ІІІ» тра­гедиясы Ғ.Мүсірепов театрында, 18:30-да «Қыз жібек» М.Әуезов театрын­да, 5 қара­ша 11:00-де «Қобыланды», 18:30-да «Алғаш­қы ұстаз» қойылымы Ғ.Мүсірепов теа­трын­да сахналанады. 

6 қараша күні фес­тивальдің жабылу салтанаты өтеді. Театр сүйер қауым үшін фестиваль – еліміздің әр аймағынан келетін өнер ұжы­мының үз­дік қойылым­дарын тама­ша­лауға тап­тыр­мас мүмкіндік.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ