Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов ресми сапар­мен Өзбекстан Республикасына барды. Ташкентте Өзбекстан Олий Мәжілісінің Заң шығару палатасы мен Қазақстан Парламенті Мәжілісінің арасындағы парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің бірін­ші отырысы өтті.
Парламентаралық ынтымақтастық артып келеді
371
оқылды

Парламентаралық ынтымақтастық кеңесін құру туралы шешім Өзбекстан Президенті Шавкат Мир­зиёев­тің 2021 жылғы желтоқсандағы Астанаға мем­лекеттік сапары барысында қабылданған еді. Бұл – екі ел парламенттері арасындағы өзара ықпалдастық­тың тың және жетілдірілген форматы.

– Біздің президенттеріміз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің жеке келісімдерінің арқа­сын­да екі елдің ынтымақтастығы одақтастықтың жаңа деңгейіне көтерілді. Бұл – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі. Ал мемлекет басшылары барлық келісімнің жоғары деңгейде уақытылы әрі дұрыс орындалуына парламенттік бақылау жасауды Парламентаралық ынтымақтастық кеңесіне жүктеді, – деді Мәжіліс Спи­кері. 

Отырыс барысында екі ел депутаттары сауда-экономикалық, көлік, аграрлық, мәдени-гуманитар­лық салалардағы ынтымақтастықты және су дипло­матия­сы мәселелерін талқылады.

Ерлан Қошанов Өзбекстан Қазақстанның өңірдегі ең ірі экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Орталық Азия елдерімен тауар айналымы жалпы көлемінің 62,5 пайыздан астамы осы елге тиесілі. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-саттық рекордтық 5 млрд АҚШ долларына жетті. Екі ел үкіметтерінің алдында бұл көрсеткішті 10 млрд долларға дейін арттыру міндеті тұр.

 «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының құрылысы – келешегі зор бірлескен жобалардың бірі. Оны өңірдегі ірі сауда-өнеркәсіптік хабқа айналдыру көзделіп отыр.Сон­дай-ақ Қазақстан парламентшілері Өзбекстанның «Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар» теміржолын және «Беларусь – Ресей – Қазақстан – Өзбекстан – Ау­ғанстан – Пәкістан» мультимодальді дәлізін салу арқылы трансауған дәлізін дамыту жөніндегі бастамаларына қолдау білдірді.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі – Транс­шекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және тиімді пайдалану туралы үкіметаралық келісімді ке­лісу рәсімін және Орталық Азия елдерінің халық­аралық су-энергетика консорциумын құру мүмкін­дігін талқылау болды.

Кездесу қорытындысы бойынша делегация бас­шылары Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Өзбек­стан Олий Мәжілісінің Заң шығару палатасы арасын­дағы парламентаралық ынтымақтастық кеңесі ту­ра­лы ережеге қол қойды. Парламентаралық ынтымақ­тастық кеңесі жылына кемінде бір рет тұрақты түрде өткізіліп отырады.

Сапар аясында Мәжіліс Төрағасы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті. Ерлан Қо­шанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­­тың сәлемін жеткізіп, елдегі іргелі өзгерістер туралы айтты. Мәжіліс Спикері Өзбекстан басшы­сына Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің бірінші отырысының қорытындылары мен екі ел парламенттері арасындағы өзара іс-әрекеттің қазіргі жағдайы туралы мәлімет берді. Сондай-ақ Республика күнін мерекелеуге арналған салтанатты жиында Қазақ­­стан Президентінің халыққа арнаған ауқымды идеологиялық үндеуіне ерекше назар аударды. Онда мемлекеттің жүріп өткен жолына объективті де тарихи баға берілді. 

– Бүгінде Қазақстан дамудың жаңа кезеңін өткеруде. Оның діңгегі – заң және құқық үстемдігі. Президентіміз ұстанып отырған басты басымдық – ішкі саяси тұрақтылық пен жалпыұлттық бірлікті сақтау. Сонымен қатар елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалардың маңызды мақсаты – әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыру. Біз сындарлы сыртқы саясатқа баса мән береміз. Онда Өзбек­станмен одақтастық қатынастарға ерекше көңіл бө­лінуде. Бұл жайт өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтады, – деді Мәжіліс Спикері. 

Сондай-ақ Өзбекстан Сенатының төрағасы Тан­зила Нарбаевамен және Олий Мәжілісі Заң шығару палатасының спикері Нуриддин Исмоиловпен кездесулер өтті. Онда тараптар комитеттердегі, дос­тық топтарындағы және басқа да алаңдардағы парла­ментаралық қатынастардың келешегін талқылады. Қазір Олий Мәжіліс депутаттары ел заңнамасын жаңа Конституцияға сәйкестендірумен айналысып жатыр. Бұл орайда Ерлан Қошанов Қазақстанның тәжірибесін бөлісуге дайын екенін жеткізді.

Сапар аясында Мәжіліс делегациясы Ташкент пен Самарқандтағы көрнекті тарихи орындарды аралады.