39 жастағы ері мен әйелі және олардың үш баласы өз үйінде өлі күйінде табылған.
Шымкентте газдан уланып қайтыс болған отбасының көршілері қайғылы оқиғаның қалай болғанын айтты
682
оқылды

Шымкентте ыстан уланып қайтыс болған отбасының көршілері қайғылы оқиғаның қалай болғанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Zakon.kz-тің жазуынша, 39 жастағы ері мен әйелі және олардың үш баласы өз үйінде өлі күйінде табылған. Олардың өліміне газбен жылытылатын пештегі ақау себеп болыпты.

"Біз тексергенде түтін шығатын тесік жоқ еді. Газ құбырдағы жылыту қазанының үстіндегі мұржасы жоқ", –  деді "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Шымкент филиалы апаттық-диспетчер қызметінің басшысы Бауыржан Байтөреев.

Сегіз жылдан бері осы үйде тұрып жатқан оларға газ былтыр тартылған екен. Қазандықты қашан қойғанын мамандар анықтап жатыр. Кеше ғана отбасындағы қыздардың бірінің туған күнін үйде тойлаған екен. Сонан соң түні бойы жылу қосылып, оның улы түтіні баспананы басқан деген болжам айтылып жатыр.

Белгілісі, таңертең қыздардың бірі полицияға телефон шалып, уланғанын айтып үлгеріпті. Бірақ құтқарушылар келгенде отбасындағы ері мен әйелі және 16, 15 және 11 жастағы балалары көз жұмғанын анықтаған. Отағасы электрик, ал келіншегі мейірбике. Көршілері марқұмдарды жақсы адамдар еді деп, көңіл айтып жатыр.

"Үлкен қызы тұрған. Есін жиған дейді. Шығып, "102"-ге хабар берген. Сосын екі кішкентай баласын шығарған. Сосын қайта ішіне кірген кезде сол жерде құлаған дейді", –  деді көршісі Мөлдір Құдиярова