Ақбөкен етінің базарға қайдан келетіні белгісіз.
Атырау базарларында киік еті емін-еркін сатылып жатыр деген рас па?
1,161
оқылды

Атырау облысының сауда сөрелерінде киік еті пайда болды. Ал облыс әкімдігі жеткізушілердің оны сатуға құжаты жоқ екенін айтады,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Нalyq-uni сайтының жазуынша, апта басында ақбөкен етінің келісі 1 500 теңгеден болғанмен, сұраныстың көптігінен баға 1 700 теңгеге дейін көтерілген. Жергілікті тұрғындар, тіпті ет павильондарына өнім қашан келетінін бірінші болып білу үшін жедел мессенджерлерде чат құрып алған.

Батыс Қазақстан облысынан ет әкелеміз. Бұл – өлі мал емес. Суреті, видеосы әлеуметтік желіде тарап жатыр. Атып түсірген соң бірден соямыз. Сосын етті бір күн тоңазытып қоямыз, содан кейін Атырауға әкелеміз,  депті саудагерлердің бірі Orda.kz тілшісіне.

Ақбөкен етінің базарға қайдан келетіні белгісіз. Өйткені қалалық ветеринарлық станса оның облыс бойынша еш жерде сатылмайтынын айтып отыр. Орда.kz тілшісі осы сұрақпен жеткізушілерге хабарласқанда, олар қолдарында барлық рұқсат бар екеніне сендірген, бірақ онысын көрсетуден бас тартқан.

Дегенмен «Охотзоопром» мемлекеттік кәсіпорнының мәліметінше, жеке тұлғалар ет сатпайды. Кәсіпорын ресми түрде Атырау, Жаңғала, Жалпақдала және Круглоозерный қалаларының 4 ет комбинатымен келісімшарт жасасқан. Сондай-ақ Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдігі жеткізушілердің немесе сатушылардың ақбөкен етін сатуға рұқсаты жоқ екенін түсіндірді. Өйткені жергілікті атқарушы органдар ешкімге ондай құжат бермеген.