Оқиға болғанына бір айдан астам уақыт өтсе де, қылмыскер табылмай отыр. Себебі неде?
1-сыныпқа барған баланы зорлаған: анасы әлі әділдік іздеп жүр
680
оқылды

Алматыдағы халықаралық мектептің 1-сыныбында оқитын баласы зорлық құрбаны болды деп мәлімдеген тұрғын тергеу жұмыстарына наразы екенін айтып, үндеу жариялады,-  деп хабарлайды Aikyn.kz.

KYN.KZ-тің жазуынша, желіде жарияланған видеосында әйел медициналық сараптама қорытындысына және Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің жұмысына көңілі толмайтынын айта келе, құқық қорғау органдарының күдіктінің кім екенін әлі таппағанын жеткізді.

«Оқиға болғанына бір айдан астам уақыт өтсе де, қылмыскер табылмай отыр. Себебі неде? Тергеу жұмысы нашар жүріп жатыр ма, әлде халықаралық мектеп еліміздің заңдарына бағынбай ма? Неліктен директорды тым болмағанда тергеу кезінде қызметінен шеттеткен жоқ? Неліктен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева моральдық-құқықтық көмек көрсетудің орнына, баламнан үшінші рет жауап алуды талап етіп отыр? Елдің басты омбудсменінің бар жұмысы осы болуы тиіс пе еді?», - деп сұрайды ана.

Ол баласының қазіргі жағдайы психолог көмегін қажет ететінін атап өтті. Әйел Ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен Бас прокурор Берік Асыловқа жүгіне отырып, ресми сауалдарына жауап алмағанын, сол себепті осы үндеуін жариялауға мәжбүр болғанын атап өтті.

Ол сондай-ақ медициналық сараптама қорытындысында зорлыққа еш қатысы жоқ қорытындылар жазылғанын айта келе, әбден шарасының таусылғанын, кімнен көмек сұрарын білмей тауы шағылғанын айтып, көз жасына ерік береді.

«Кінәліні жалғыз мен іздеуім керек пе еді? Мен қарапайым ғана әйелмін, жоғарыда ешқандай байланысым жоқ, сол себепті де әділ тергеуге әлі қол жеткізе алмаймын ба? Неге мектеп пен полиция қылмыскердің бос жүргеніне мүлдем мән бермейді? Әділ тергеу үшін несие алып, халықаралық сарапшыларды жалдауым керек пе? Мен бұдан былай бірде-бір бала зорлық көрмесе екен деп тілеймін», - дейді әйел.

Еске салайық, Алматының халықаралық мектебінде 1-сынып оқушысы зорлыққа ұшырағаны туралы баланың анасы жариялады. Оқиға 11-13 қыркүйек аралығында болғаны айтылды. Жаға ұстатарлық жағдайды Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева да өз бақылауына алғанын мәлімдеген болатын. Қазір тергеу амалдары да жалғасып жатыр. ІІМ бірінші орынбасары Марат Қожаев аталған іске қатысы сараптама тағайындалғанын, алайда күдіктінің әлі анықталмағанын мәлімдеген болатын.