Екібастұз қаласында үш жастағы қыз баланың үстіне абайсызда ыстық су төгіліп кетіп, бүлдіршіннің денесін қатты күйік шалған. Белгілі болғандай баланың ата-анасы жедел жәрдемді тек 12 сағаттан кейін ғана шақырған. Осылайша, оқиға орнына келген дәрігерлер кішкентай қыздың қайтыс болғанын анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
103 қызметіне қоңырау 30 қазан күні түнгі сағат 02:30 шамасында түскен.
Қайтыс болған қыздың анасының айтуынша, әпкесі сіңлісін шомылдырмақ болып, абайсызда баланың үстіне қайнаған су төгіп алған. Оқиға жексенбі күні күндіз болған. Дәрігерлердің сөзінше, сәбидің денесінің 40 пайызын күйік шалған.
«Оқиға болған кезде бала атасы мен әжесінің және тоғыз жастағы әпкесінің қарауында болған. Олар күндіз медициналық көмекке жүгінбеген, баланың анасы күйік туралы кешкі уақытта білген, ал түнде жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер баланың биологиялық өлімін растады. Оның арқасын, аяғын 2-3 дәрежелі термиялық күйік шалған», – деп хабарлады Павлодар облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан.
Биыл облыстық балалар ауруханасына күйік шалған 530-дан астам бала түсті. Дәрігерлер осындай жағдай болғанда бірден көмекке жүгіну қажет екенін ескертеді.