Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қарағанды облысындағы кен орнында болған апат салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты шет мемлекеттердің басшыларынан, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен көңіл айту жеделхаттары әлі келіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин қайғылы оқиғаға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына көңіл айтты.
«Қазақстанның Қарағанды облысындағы шахтада болған апат салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Қытай Үкіметінің және халқының, сондай-ақ өзімнің атымнан қайтыс болған азаматтардың отбасылары мен жақын туыстарына қайғырып көңіл айтамын», – деп жазылған жеделхатта.
Көңіл айту жеделхаттарын Болгария президенті Румен Радев, Армения президенті Ваагн Хачатурян, Босния және Герцеговина Президиумының Төрағасы Желька Цвиянович, АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай және басқалар жолдады.