Батыс Қазақстан облысында Хан Ордасы музей-қорығында визит орталығы ашылды. Хан Ордасы – республика бойынша танымал туристік ауылдардың бірі.
Хан Ордасында визит орталығы ашылды
657
оқылды

Жәңгір хан кезінен қалған жәдігерлерді көру үшін бұл мекенге туристер Қазақ­станды қойып  Ресей, Уфа,  Татар­стан­нан  келеді. Хан Ордасы музей-қоры­ғындағы визит орталығының ашылу сал­танатына аймақ басшысы Нари­ман Төреғалиев қатысты. 

БҚО-ның Хан Ордасы ауылы – тұң­ғыш­тар мекені. Бұл жерде алғашқы қазақ мектебі, алғашқы аурухана, қыздар учи­лищесі, тұңғыш баспахана, тіпті алғашқы банкте осы Хан Ордасында ашылған. 1867 жылы ашылған Қазынашылық үйі дәл сол күйінде бүгінге дейін сақталып отыр. Осын­­дай тарихи жәдігерге бай Ордаға турис­тердің көп келуі заңды. Енді міне, сол туристер үшін деп визит орталығы мен му­зей қорықтың әкімшілік ғимараты пай­далануға берілді. 

Жалпы, Хан Ордасы ауылын бейнелеп ашық аспан астындағы мұражай деп те атайды. Себебі бұл жерде сонау Жәңгір хан заманынан қалған 45 ғимарат, хх ғасырдың басындағы 80 шақты үй сақталған. Визит орталықтың мақсаты – осы тарихи мекенге келушілерге  жағдай жасау. Хан Ордасы музей қорығының директоры Ғайса Махи­мов мекенге келуші туристер өте көп екен­дігін айтады. 

– Ресейдің екі облысымен шектесеміз. Волгоград, Астрахань облыстарынан және Қазақстаннан туристер өте көп келеді. Енді алдағы уақытта жолдың құрылысы аяқтал­са, туристер саны тіпті артары сөзсіз.Турис­тердің көбеюі елдің экономикасына, ауданда жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына, бизнестің дамуына жағдай туғызады деп үміттенеміз, – дейді Ғай­са Махимов.

Қарағайдан қиып салынған визит орталықтың құрылысына 432 млн теңге қаржы жұмсалған. Қажетті қаржыны  «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в» бөліпті. Нысанның ашылу салта­натына қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев Бөкей ордасы жаңғыру мен жаңару кезеңінде тұрғанын атап өтті. 

– Бұл – ұлттық құндылығымызға, тарихы тереңде жатқан киелі Бөкей Ордасына деген мемлекетіміздің ықыласы. Бұдан бөлек, алдағы уақытта қазақ жерінде ашылған тұңғыш аурухана ғимаратында жаңа экспозиция жасалып, 1872 жылы салынған амбулатория ғимаратына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Хан Ордасына сән беріп, көркейтіп тұрған мұндай ғимараттар көбейері сөзсіз. Әр көшесі шежіре, әр ғимараты сырға тұнған Бөкей елінің бәсі биік! Музей-қорықтың даңқы артып, келуші қонақ көбейе берсін, – деді облыс әкімі салтанатты жиында. 

Хан Ордасы ауылындағы 1962 жылы 55 экспонатпен ашылған мұражай бүгінде үлкен музей-қорыққа айналып отыр. 

 Жаңадан салынған визит орталығы қазіргі заманға сай толық жабдықталған. Орталық кіреберісіне қойылған ақпараттық тақтадан музей кешені, Бөкей ордасы ауданы, тұңғыштар мекенінде дүниеге келген елеулі тұлғалар жайында деректер­мен танысуға болады. Сондай-ақ ақпарат тақтасы арқылы музей-кешеніне жасалар экскурсияны жоспарлау мүмкіндігі бар. Бірнеше бөлмеге бөлінген визит орталы­ғының ақпараттық бөлімі музейге келуші­лер мен туристерге кешенді толық таныс­тыра алады. Аталған бөлім кешенді жарна­малау және музейді интернет желісінде таныту ісімен де айналысады. Жаңа ғима­рат балалар бөлмесімен жабдықталған. Фото­лаборатория да келушілерге қызмет көрсетуге әзір. Енді бұл мекенге келген әр қонақ Хан Ордасы, алғашқы қазынашылық сияқты тарихи орындарда түскен сурет­терін бірден ала алады. Сондай-ақ жергі­лікті қолөнер шеберлері жасаған естелік сыйлықтарды да сатып алуға болады.

Дәл осы күні Қазталов ауданы Ақпәтер ауылында ауылшаруашылық техникасынан жа­сақталған ашық аспан астындағы мұра­жай ашылды. Еліміздің еш жерінде жоқ ерекше музейдің ашылуына Ақпәтер ғана емес, өңір тұрғындары арасында ерекше құр­метке ие азамат Кәрім Өтеғұлов мұ­рындық болған. Жаңа музейде ХІХ, хх ға­сырларда халық пайдаланған дүниелер, ауыл шаруашылығында пайдаланған техникалар қойылған. Жел диірменнің бөлшектері, ұсталар пайдаланған ауыр төс, Ақпәтер мен Алғай арасында қатынаған қайық та көпшілік назарына ұсынылыпты. Неше түрлі комбайн мен «Победа», «Волга», «УАЗ» көліктеріне де орын табы­лыпты.

Ж.ҚАЙЫРҒОЖИНА