Қоғамда әйелдер жол ережесін жиі бұзады деген түсінік қалыптасқан. Сондай-ақ ерлер қауымының көлік тізгіндеген қыздарға қырын қарайтыны да ақиқат.
«Қыздар ерлерге қарағанда жол ережесін аз бұзады»: алматылық келіншек әйелдерге арналған автомектеп ашты
663
оқылды

Ал нәзік жандыларға арналған автомектеп ашқан Ұлдана Әділханқызының айтуынша, көлік жүргізуде қалыптасқан стереотиптерді тек әйелдерге жаба берудің қажеті жоқ. Себебі соңғы кезде көлікті еркін игерген қыздардың қатары айтарлықтай көбейген екен. 

Ұлдана әйелдерге арналған автомектеп ашуды көптен армандаған. Қыздар ғана оқитын автомектеп ашудағы басты мақсат – әйелдердің көлік жүргізгендегі қорқынышын сейілтіп, сенімділігін арттыру.

«Қасымдағы қыз-келіншектердің темір тұлпарды тізгіндегенде қорқынышқа жиі бой алдыратынын көп еститінмін. Автомектеп ашқан соң, бұған көзім анық жетті. Бізге оқуға келген әйелдердің басым бөлігі көлік жүргізу кезінде қатты қорқатынын, тек амалдың жоғынан үйреніп жүргенін айтады. Ал кейбір келіншектердің күйеуі жоқ, сол үшін отбасындағы бар мәселені өзі шешеді. Мұндай кезде де көлік ауадай қажет. Күйеуі мүгедек, баласы сырқатқа ұшыраған аналардың жағдайы, тіпті ауыр. Оларды үнемі емханаға тасу керек, барлық жүк соларға түседі. Қазіргі такси қызметіндегілерге көпбалалы аналарға да оң көзбен қарамайды. Міне, осының бәрі жиылып, әйелдің көлік тізгіндеуіне жол ашады. Әйелдер бірінші кезекте қажеттілік болған соң көлік жүргізеді»,  дейді Ұлдана.

Әңгіме барысында Ұлдана Әділханқызы әйелдердің еркектерге қарағанда жол ережесін әлдеқайда аз бұзатынын атап өтті.

«Шынын айту керек, әйелдердің басым көпшілігі көлік жүргізер алдында автомектепті оқып алады. Әбден оқып, бой үйретіп, ережелермен танысқан соң ғана рульге отырады. Ал ер адамдар интуитивті түрде көлік айдауға бейім келеді. Яғни, бұл олардың табиғатында бар. Мынадай мысал айтайын сізге. Тамақ істеу әйелдер үшін айтарлықтай оңай. Олар тұзын грамдап қосып отырмайды, көз мөлшерімен-ақ істей салады. Керісінше, ер адамдар үшін бұл қиын шаруа.  Тіпті, о бастан икемі жоқ десек болады. Олар тамақты дайындау әдісін әбден оқып, «жеті рет өлшеп, бір рет кеседі». Міне, ерлер мен әйелдердің көлік жүргізу де осы мысалға  ұқсайды. Сондықтан әйелдер жол ережесін жиі бұзады деген пікірмен келіспеймін. Өйткені, біз көлік жүргізгенде кітап бойынша жүреміз. Жол ережесін бұзбаймыз, импровизиация да аз», дейді ол.

Ұлдананың айтуынша, қыз-келіншектердің көлік жүргізуіне қазіргі қоғам кәдімгідей үйреніп келеді. Өйткені, бұл – қажеттілік.

«Бала-шағасын мектептен, балабақшадан таситын, дүкеннен азық-түлік арқалайтын әйел үшін көлік деген таптырмас құрал. Әйелдер көлік жүргізе алмайды деген стереотиптен құтылуымыз керек! Отағасы таңнан кешке дейін жұмыста болған соң, күнделікті тірлігін бітіру үшін әйелге көлік керек. Әйтпесе, жол бойы стресс алып, бала-шағаны тасып, жұмысына үлгеріп, одан қалса үйде тамақ дайындау кімге оңай дейсің? Тағы да қайталап айтамын, бұл – қажеттілік. Қазақтың қаракөз қыздары автобуста коляска сүйреп, дорба-дорба азық-түлікпен арқаланып жүретін заман артта қалады деп ойлаймын. Қазір келіншектердің көпшілігі көлік жүргізуді жақсы меңгере бастады»,  дейді маман.