Зачаган кентінде «Құс фабрикасы» аталып кеткен шағынаудандағы балалар алаңында тұрғындар жиыны өткен. Онда «Зачаганский» бау-бақша серіктестігіне қатысты мәселе талқыланып, төраға қызметіне көңілі толмайтынын сөз етті.
Олардың айтуынша, «Зачаганский» бау-бақша серіктестігінің төрағасы Асылбек Қабесовтің 9 жылдан бері қызмет етіп келе жатса да көңіл толатын іс істемегенін қозғады.
- Халыққа есеп беру жөнінде қаншама өтініш жасасақ та, ештеңе орындалған жоқ. Соңғы рет жазда жазбаша өтініш бердік, төрт айдан бері қозғалыс жоқ. Содан кейін Орал қалалық мәслихатының депутаты Нұрлыхан Әбеновке барып, белсенділердің қатысуымен осы кездесуді ұйымдастырып отырмыз. Жолды асфальттау үшін кезінде облыс әкімінің өзіне дейін баруға тура келді, – деді Бейбітшілік көшесінде тұратын Асхат Баетов.
Оны сөзін тағы бір тұрғын қостап, ауылға жолды өздері түзегенін айтты.
– Шетте тұратын ағайындар балшық кешіп жүргенде талай рет трассаға дейін көлігімізбен жеткіздік. Оларды ойлаған бір жан жоқ. Содан белсенді жігіттер ақылдасып, ауыл ортасына жол салдық. Асылбектің бұлай жиналыс жасағанын көрген жоқпыз, – деді ауыл тұрғыны Аманғали Қажыкен.
Сонымен қатар тұрғындар Бау-бақша серіктестігі төрағасының тұрмыстық қатты қалдықтарға және электр жарығына төленетін төлемді артық төлейтінін айтып, төлемақыны көтергенін тілге тиек етіп, оның қызметтен кетуін талап етті.
Халықтың наразылығын тыңдаған Орал қалалық мәслихатының төрағасы Есентай Қалиев мұндай жиынның күн тәртібіне қойылуы керегін айтты.
– Жиналысты өткізудің өз тәртібі болады. Күн тәртібін белгілеп, төраға баяндамасын жасауы керек. Содан кейін регламент бойынша жарыссөзге қатысушылар сөйлейді. Төрағаның жұмысы қанағаттанғысыз деп табылса, есеп комиссиясы құрылып, мәселе дауысқа салынады. Бұл жер сайлауға келмейді, – деді ол.
Зачаган кентінің әкімі Аққали Әубекеров бұл мәселені толыққанды қала басшылығы қарайтынын жеткізді. «Шаһар басшысы 13-20 қараша аралығында тұрғындармен кездесіп, бау-бақша серіктестігі төрағасының жұмысы талқыға салынады» деді.
– «Зачаганский» бау-бақша серіктестігінің төрағасы болғаныма тоғыз жылдан асты. Мұнда 12 мыңдай тұрғын, 1984 үй бар. Бау-бақша серіктестігі болғандықтан үкімет, бюджет тарапынан қаржы бөлінбейді. Бәрі халықтан жиналған қаражатқа жасалады. Наразылықтың себебі, электр жарығы, су болсын, коммуналдық төлемді көтеруде. Мысалы, бізге айлық төлем жалпы есептегіш құрылғы арқылы анықталады. Жергілікті тұрғындар сол мекемемен, яғни серіктестік төрағасы ретінде менімен келісімшартқа отырғандықтан, қаржыны жинап, әр айдың соңында есеп айырысуым керек. Мысалы, 20 млн-дай электр жарығы үшін бережақ болдық. Төлемейтін тұрғын көп. Бірдің кесірі мыңға тимес үшін электр жарығын айырып, мәжбүрлі түрде төлеткізудеміз. Содан кейін олар мені қалай жақсы көрсін. Бүгінгі жиналыс заңсыз. Жарғыға сәйкес жиналысты серіктестік басқармасы немесе БҚО бау-бақша серіктестігі қоғамдастығы ұйымдастыруы керек. Иә болмаса осында тұратын тұрғындардың тең жартысынан астамынан сұраныс болуы қажет, – деді «Зачаганский» бау-бақша серіктестігінің төрағасы Асылбек Қабесов.
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform