Астана қаласының ономастика комиссиясы №1 мектеп-лицейге екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің есімін беру шешімін қабылдады.
Елордадағы мектеп-лицейге Талғат Бигелдиновтің есімі берілді
889
оқылды

Салтанатты рәсімге Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов пен ұшқыш-ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров қатысып, мектептің кіреберісінде лента қиды.

– «Талғат Бигелдиновтың бүкіл ғұмыры ерлікке толы болды. Оның жарқын есімі халық жадында мәңгі сақталып, Тәуелсіз Қазақстан тарихына алтын әріптермен жазылары сөзсіз. Ол нағыз аңыз адам еді», – деді министрдің орынбасары.

Артынан аты аңызға айналған шабуылдаушы ұшқыш Талғат Бигелдиновтың құрметіне оқушылар «Ұшу үшін жаратылған» атты әдеби композиция дайындап, Қарулы Күштер Мемлекеттік әскери-тарихи музейінің атсалысуымен мектепте батырға арналған көшпелі көрме ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, Талғат Бигелдинов атындағы кабинет ашылды. Бұл жерге ұшақтардың үлгілері, фотосуреттер және ұшқыштың марапаттарының көшірмелері қойылмақ.

24 жасында Кеңес Одағының Батыры атанған Талғат Бигелдинов жауынгерлік миссиямен 305 мәрте ұшып, қарсыластың бірнеше ұшағын атып түсірген. Соғыстан кейін ол КСРО Әскери-әуе күштері мен азаматтық авиацияда қызметін жалғастырды.

фото: smartnews.kz