Биыл сегіз айда Қазақстанның автобус паркі көліктерінің саны рекордтық көрсеткішке жетті – 105,5 мың. 2022 жылдың қыркүйек айының басымен салыстырғанда өсім – 27,2%. Ұлттық статистикалық бюроның деректеріне сүйенсек, жалпы көлік паркінде электробустар өте аз – бар болғаны 32 көлік.
«Жасыл» автобустар негізінен Астана мен Алматыда жүреді. Сондай заманауи автобустардың біразы Түркістан облысы мен Шымкентте де тіркелген.
Жалпы, қазақстандық автобус паркін ескірген деп айтуға болады. Барлық автобустың 35,9% (немесе 37,9 мыңы) – 20 жылдан ескі, тағы 40,4 мың дана арнайы көлік (38,3%) 10 жыл бойы жолаушы тасымалдап келеді. Тек 7-8 мың көлікке әлі үш жыл толмаған. Елдегі жалпы автобус паркіндегі жаңа автобустың үлесі – 7,4% ғана. Қазақстанда автобус шығаратын отандық кәсіпорындар — Сарандағы QazTehna, Семейдегі «СемАЗ» және Алматыдағы Hyundai Trans Almaty бар екеніне қарамастан осындай жағдай қалыптасып отыр.
Былтыр ақпанда Қазақстанда 10 жылдан асқан автобустарды бастапқы тіркеуге тыйым салатын заң күшіне енді. Бұл кем дегенде он жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жолаушылар тасымалы үшін пайдаланылған арнайы техниканы енді елге әкелу мүмкін емес дегенді білдіреді. Бірақ нарықтағы сауданың негізгі бөлігі осы ескі автобустарға қатысты. Мәселен, биыл тамызда тіркелген автобустың 51,9% – 10 жылдан ескі болса, салыстырмалы түрде жаңа техниканың үлесі аз болды – 7,6%.
фото:astanatv.kz