Алматы облысындағы Жібек жолы ауылының тұрғындары көмек сұрап жатыр.
"Тамақ ішпегеніме 20 күннен асты": Алматыда өз балалары зейнеткерлерді аштықта ұстаған
2,812
оқылды

Almaty.tv арнасының хабарлауынша, Алматы облысындағы Жібек жолы ауылында екі зейнеткер қараусыз қалған. Қарттар тұратын үйдің көрші-қолаңы да бұл алып-қашпа әңгімені растап отыр.

Олардың айтуынша, ата-анасына туған ұл-қызы қарамай кеткен. Тек зейнетақысы түскенде келіп кетеді екен.

– Қарттар таңғы сағат 7:30-дан бастап айқайлап, көмек сұрайды. Жақын тұрамыз, жағдайы өте мүшкіл. Бұрын ата жүретін. 20 күндей болды, үйден шықпай қалды. "Тамай ішпей қалдым, одан да мені қарттар үйіне өткізіңдер" деп атамыз айқалап қояды. Ал апамыз шалына тамағын да бере алмайды. Өзі арбаға таңылған. Арасында көмектесіп тұрамыз. Алайда өзіміздің де тірлігіміз бар, қол тимей жатады. Күндіз жұмыстамыз, қарайласатын жан керек, – деді көршісі Гүлнұр Қисықбасова.

Олардың тағы бір көршісі Базарбике Жамалова да қарттардың жағдайын қостап отыр.  “Балалары бар. Екеуі "зейнетақыны алып кетті" деп жылап отырады. Кемпір арбасымен әркімге жалынып барса, сол күні қуып жібере ме, білмедім. Әйтеуір, қайтып келеді. Көршілердің бәрі жаманатты болды”, – деді ол.

Ал зейнеткерлердің ұлдары қараусыз қалды дегенді жоққа шығарды.

“Атырауда жұмыс істеймін, 15 күн үйде болмадым. Бірақ әпкем қараған. Ол шығып кеткенде камераға түсіріп кеткен ғой. Олардың үстінен әпкем арыз жазады”, – дейді баласы Мәлік Байсамбеков.

Оқиға орнына ауылдық әкімдіктің өкілі келіп, қарттарға қолдан келгенше көмектесіп жатқанына сендірді. Ал оларды қарттар үйіне өткізу үшін балаларының рұқсаты керек. Бірақ ұл-қызы да, жақын туыстары да қарсылық танытты.

"Бұл кісілер аш отыр" деген соң, азық-түлік алып келдім. Әкімдік тарапынан бәрі ұйымдастырылды. Медициналық көмек беру үшін дәрігерлер апта сайын келіп тұрады. Дәрісін беріп тұрады, одан артық оларда да мүмкіндік жоқ”, – деді Жібек жолы ауылдық округі әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев.

фото: tengrinews.kz