Алақандай ауылдан шыққан өзі модель, өзі дизайнер кішкентай Мәриям Ишанғалиева әлемді мойындатып отыр.
Миланды мойындатқан Мәриям
2,975
оқылды

Қазақтың ұлттық киіміне «екінші тыныс» берген Мәриям небәрі 5-сыныпта оқиды. Бірақ шынашақтай қыздың сұлулығымен бірге, ұлттық киімге деген махаббаты оның даңқын сән әлемінің астанасы – Миланға дейін жеткізді.

Төрткүл дүниенің «мен» деген сәнгер­лерін мойындатқан кішкентай модель Мәриям Атырау облысына қарасты Құр­манғазы ауданының Көптоғай ауылында тұрады. Қазір осы ауылдағы Сәбит Мұқанов атындағы жалпы білім беретін мектепте оқып жатыр. Анасы Арайлым Қарабалаева кішкентай мо­дельді мұндай биіктерден көреміз деп ойламағанын айтады.

«Мәриям бала күнінен суретке түсуге жақын болды. Аяғына менің туфлиімді киіп алып, «мен ханшайыммын» деп айнаның алдында жүретін. Мәриямның алғашқы «подиумы» үйдегі айна алдынан басталды десек те болады», – дейді анасы Арайлым. 

Мәриямның модель ретіндегі манса­бы­ның басталуы да қызық болған. Көп­тоғай Ресеймен шекаралас орналасқан ауыл болғандықтан, жергілікті тұрғындар түрлі шаруамен көрші елдің Астрахан қаласына жиі барады. Мәриямды да ата-анасы алғаш рет Ресейге апарып, қара­пайым фотосудияда фотосессия жасат­қан. 

«Сол кезде фотографтар Мәриямның ерекше образын байқап, біздің балаға фотобайқауларға қатысуға кеңес берді. Сөйтіп, Мәриям алғаш рет кішкентай модельдердің онлайн конкурсына қаты­сып, бірінші орынды жеңіп алды», – дейді анасы.

Мәриямның дүниежүзілік деңгейдегі ең үлкен жетістігінің бірі –халықаралық сұлулық байқауында «Әлем моделі – 2022» титулын жеңіп алғаны еді. Ресейдің Сочи қаласында өткен байқауға әлемнің 109 елінен кішкентай модельдер қатыс­қан. Бірақ «Адай» күйімен қазақтың ұлт­тық киімін киіп шыққан Мәриям әділқазылардан бастап, барлық қатысу­шыны таңғалдырған. 

«Байқау бірнеше турдан тұрды. «Та­ны­су», «Лимузиндегі фотосессия» сияқ­ты турларда қазылар алқасы кішкентай қатысушылардың сахнадағы мінез-құл­қына, киім киісіне, музыканы таңдауына қарай бағалады. 109 жас модельдің ішінен Мәриямды ең үлкен титулға лайық деп тапқан қазылар алқасы ұлттық колоритті заманауи стильмен шебер үндестірген қазақ қызының образына жоғары баға берді», – дейді Арайлым.

Бір қызығы, Мәриям көрсетілімге киіп шығатын киімдерінің эскизін өзі сызады. Тіпті, матасына дейін өзі таңдай­ды. Әлемнің сәнгерлері мойындап отыр­ған Мәриямның киімдерін әпкесі Бота­көз тігеді екен. Ол Көптоғайға көршілес орналасқан Жасталап ауылында тұрады. Қандай жарыстарға барса да жеңіссіз оралмайтын Мәриямның құпиясы, ана­сы­ның айтуынша, отбасының қол­дауында. 

«Үйде жалғыз бала болған соң көңіліне кірбің түсіргіміз келмейді. Әкесі де, ата-әжесі де Мәриямның пікірімен санасамыз. Қатысқысы келген жарыс­тар­дың барлығына қатыстыруға тыры­самыз. Бірақ қанша жетістікке жетсе де, қызымыз қарапайым, жанашыр мінезі­нен айныған емес. Бала болып қиқар­лануды білмейді. Сондай-ақ Мәриям, қашанда өзіне сенімді. Бұл қасиеттің де үлкен пайдасы тиді», – дейді анасы.

Осылайша, кішкентай Мәриям әлем­нің түкпір-түкпірінде өткен халық­аралық «Әлем жұлдызы – 2021» сұлулар байқауы­ның бас жүлдесін, халықаралық жас модельдер байқауының «Топ модель – 2022» титулын, «Үздік модель – 2022» атағын, «Әлем сұлуы – 2023» байқауының және Ресейдің халық суретшісі В.Зайцев­тың 85 жылдығына арналған Халық­аралық байқаудың TEEN MISS COMMUNITY – 2023 номинациясы бойынша бас жүлдесін иеленді. Италия, Дубай және Малайзиядан да шақыртулар алды.

Қазір Мәриям – «Әлем жұлдызы», «Красавица земного шара» атты халық­ара­лық сәндік конкурстардың амбасса­доры, «Бақдәулет kids» балалар киім дүке­нінің моделі. 

Сұлулық байқауларынан бөлек, бос уақытында сурет салумен, хореография­мен де айналысады. Сүйікті пәні – мате­матика. Қазақтың ұлттық киімімен бірге, күйлерін насихаттап жүрген кішкентай ханшайым оқуда озат. Математика, ло­гика бағытындағы аудандық, респуб­ликалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы. 

Анасы Арайлымның айтуынша, Мәриям модельдер әлемінде мектепті аяқтағанға дейін ғана өнер көрсетеді. Мектеп бітірген соң Оңтүстік Корея еліне барып, медициналық білім алуды жоспарлап отыр. Болашақта Мәриям білікті хирург болуды армандайды. 

Өзгелерге көмектесуге, қолын­дағы­сын бөліп беруге әркез әзір тұратын Мә­риям сезімтал, жанашыр болып өсіп ке­леді. Қазақ, орыс тілдерін еркін мең­герген Мәриям ағылшын тілін үйреніп жүр.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА