Кітап орталығының ашылу салтанатына қаламгерлер, баспагерлер және зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Кітап-AMANAT»: Ауылдағы ағайынның арманы орындалды
953
оқылды

«Кітап-AMANAT» жобасы аясында елімізде бұрын-соңды болмаған бірегей бастама қолға алынып, ауылдық жерде алғаш рет кітап орталығы ашылды. Орталық партияның Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында орналасқан. Осы арқылы партия ауылдағы ағайынның отандық әдебиетке, жалпы кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, қазақстандық авторлар мен кітап шығарушыларға қолдау көрсетуді көздейді. 

Ауылдағы алғашқы кітап орталығының ашылу салтанатына қаламгерлер, баспагерлер және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Сөз басында «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов Мемлекет басшысы ұлттық мүддеге сай келетін кітаптар шығару, кітапханалар ашу ісіне ерекше мән беретінін атап өтті. 

«Партиямыз Президент бастамасын іске асыруға дәнекер болатын «Кітап-AMANAT» жобасын қолға алып, отандық әдебиет пен баспагерлерді қолдаудың жаңа тетігін ұсынды. Алматы мен Астанада басталған жоба бүгін Жамбыл облысы Байзақ ауданында жалғасып жатыр. Жаңа орталық руханиятқа шөліркеген ауылдағы ағайынның сүйікті орнына айналады деген сенімдемін», – деді Дауыл Бейсенқұлов.

Өз кезегінде, «Қазақстан Республикасының баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар» қауымдастығының президенті Әділ Қойтанов кітап орталығының ауылда ашылғанына айрықша ризашылығын білдірді.

«Бұл жай ғана кітап дүкені емес, бұл – руханият орталығы. Алдағы уақытта осында баспагерлермен, авторлармен келелі кездесу өтіп, түрлі іс-шара ұйымдастырылады деген ойдамын. Осында келген жастардың кітап оқуға деген ынтасы артады. Елімізде біраз жыл автор, баспа, кітапхана, кітап дүкені арасындағы байланыс үзіліп қалған еді. Осындай орталықтар арқылы байланыс қайта жаңғырып жатыр. Ең басты мақсат – елге жаңа кітаптарды таныстыру. Осы өңірде де жазушыларымыз өте көп кітап шығарып жатыр. Алайда оның бәрі жер-жерге жетпейді. Әрбір өңірде осындай орталықтар ашылуы керек», – деді ол.

Ал ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары, ақын Маралтай Райымбекұлы жаңадан ашылған орталықтың мәні мен маңызына тоқталды.

«Екі мегаполистен кейін кітап орталығы осы өңірде ашылып отыр. Бұл – ғажап бастама. Адам кітап оқуы керек. Кітап оқымаған адамның биіктерді бағындырып, жетістікке жетуі екіталай. Автор мен оқырман арасын жалғап жатқан «AMANAT» партиясына және ілкімді іске қолдау көрсетіп жүрген жергілікті азаматтарға алғыстан басқа айтарым жоқ», – деді ақын. 

Бұл ретте, ауыл тұрғыны Қасқырбай Нарбатыров кітап орталығын ашуға атсалысқан жандарға тұрғындар атынан алғыс айтты.

«Ауыл халқы кітапқа сусап отыр. Дүкендерде дүние-мүлік сыймай тұрғанымен, кітапқа орын жоқ. Сондықтан ауылымызда осындай орталықтың ашылып отырғанына дән ризамыз. Біздің ғана емес, еліміздің барлық ауылында ашылса да артық болмас еді. Бұл – үлкен сый. Жастарды кітап оқымайды деп жазғыра бергенше, мұндай игі істерді көптеп қолға алған жөн бе деймін. Тіпті, орталықтарды еліміздің барлық ауылында ашқан дұрыс.  Өзіміз де бала кезден кітап оқып өстік қой. Осы орталық күні ертең ауылдың мақтанышына, оқырмандардың сүйікті орнына айналатыны анық», – деді ол.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында жыл сайын театр, кітапхана, коммуникация, білім беру және демалыс орталықтарын қоса алғанда, 300-ге жуық мәдениет нысанын салу және жаңғырту көзделген. Сондай-ақ мәдениет, мұрағат және кітапхана қызметкерлерінің жалақысы екі есе артады. «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы» тәрбие беру тұжырымдамасы енгізіліп, еліміздің бүкіл әдеби мұрасы бірыңғай кітапхана платформасы негізінде цифрлық форматқа өткізіледі.