Биыл еліміз бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 60 мың адамды, ал Шығыс Қазақстан облысы бойынша 7 000 адамды қаржылық сауаттылық курсында оқыту көзделіп отыр. Бұл жоба Halyk Bank пен «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асып келеді.
16 қазаннан бүгінге дейін өңірде бағдарламаға 250-ден астам азамат қатысты.
«Қаржылық сауатсыздықтың салдары орасан. Қарызы көбейе берген соң несиеге барып ұрынады. Алған кезде банктің пайызын есептеп жатпайды. Соңында ай сайынғы берешегі табысынан асып түседі. Төлей алмаған соң есепшоты бұғатталады. Олардың қатарында алаяқтарға алданып қалғандар, құмар ойындарға тәуелді болғандар мен банк борышкерлері бар. «Қарызсыз қоғам» жобасы қаржыны тиімді жұмсауды, өзінің мүмкіндігін саралауды көздейді»,- дейді «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Сайрангул Жумадилова.
«Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушыларға жоғары оқу орындарының оқытушылары және банк саласының қызметкерлері дәрістер оқуда. Арнайы жасақталған кестеге сәйкес, қазақ және орыс тобына бөлінген қатысушылар күнделікті келіп, өздеріне қажетті ақпараттар алып, жобаға қатысуда белсенділік танытуда.
«Осы жобаға қатыса отырып, өз қаражатымды тиімді жұмсауды,артық шығындарға ұрынбауды, сонымен қатар белгілі бір деңгейде отбасылық кіріске жоспар жасап, оны жоспарлы түрде жұмсау секілді дүниелерді үйрендім. «Қарызсыз қоғам» жобасы әсіресе қарапайым адамдар үшін өте қажетті жоба дер едім»,- дейді жоба қатысушысы Назгүл Құсайынова.