Белгілі журналист Алмас Алтай Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы саммитінен не түйгенін айтты.
Түркі бірлігіне қарай өте үлкен, кәдімгідей мағынасы бар қадам жасалды – журналист
692
оқылды

Белгілі журналист Алмас Алтай Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 10-саммитінен не түйгенін айтты.

«Кешелі бері қаламызда қонақ көп, қонақ болғанда да жай қонақ емес, түркі елдерінің – туысқан жұрттардың Біріншілері келіп жатты: Астанада түркі елдері ұйымының мерейтойлық оныншы Саммиті өтті.

Макронды шығарып салған Тоқаев едел-жедел келген Мажар басшысы Орбанды қарсы алды. Одан кейін Садыр Жапаров, Ережеп Ердоған келді, Шапқат әка да Астанада жүр.

Не керек, қаламыз суықтау болғанмен дос құшағымыз ыстық, аспанымыз бұлтты болғанмен көңіліміз жарқын!

2009 жылы түркітілдес елдер кеңесі боп жұмыс бастаған бұл ұйым 2021 жылы ребрендиңнен өткен. Қазіргі аты да сол жылы шыққан дүр!

Түркі бірлігі ұйымына Әзербайжан, Қырғыз, Өзбекстан республикалары, Түркия және біз кірдік. Венгрия мен Түрікменстан "біз әзірге бақылаушы бола тұрсақ" деп едік десті.

Әзелгі бағыт айқын – сауданы молайту, экономиканы нығайту, өзара инвестицияны көбірек құю, мәдениетпен, өнермен, ғылыммен мидай араласу!», – дейді ол.

Журналистің мәлімдеуінше, биылғы саммитте шешілген мәселенің бірі әм негізгісі – ұйымды биыл Қазақ басқарады.

«Алдын-ала девизімізді де дайындап қойғанбыз: ТҮРКІ УАҚЫТЫ КЕЛДІ – ТURKTIME!»,

Turktime деп бекер алмадық, әр әрібі жеке мағынаға ие. Кең мағынаға, түркі жұртының тұтастығына қызмет етер мағынаға ие: Traditions, Unification, Reforms, Knowledge, Trust, Investments and Mutual Energy!

1. Traditions – қанша жылғы қалыптасқан дәстүрлі ынтымақтастық одан әрі нығаяды. Қазір түркі мемлекеттерінің әрқайсысы да белгілі бір әлеуетке ие, сол артықшылықты жақсы бағытқа жұмсау мақсат!

2. Unification – бірігу. Туыс екеніміз рас. Ендеше, бізді туыстыратын, жақындастыратын нәрселерді бірлесе дамытсақ тек ұтамыз. Кішкентай көп елден үлкен бір тұтас кеңістікке айналамыз! Әліппе, жазу, оқу бірлесе дамытылса, тілдік кедергілер көмескіленсе ешкім де ұтылмайды. Тоқсан миллион түрік, қырық миллион өзбек тамаша нарық емес пе, мысалы?

3. Reforms – ұйым жұмысын жетілдіре түсу, дамыта түсу, әр тетігін ынтымаққа жұмыс істердей етіп ілгерілете түсу маңызды!

4. Knowledge – білім, ғылым. Түркі әлемінде білім мен ғылымды дамытуға айырықша назар аудару!

5. Trust – сенім! Әлем алағай да бұлағай боп тұрған заманда түркі баласының бір-біріне арқа сүйемегі ерсі емес. Керісінше, қандай жағдайда болмасын бірі бірі үшін тұрып берердей бауырластық, сенім тууы құлтасыз араласуды жеделдетеді!

6. Investments – қаржы. Түркі инвестициялық қорын басқарып отырған кісінің қазақ екенін білесіздер ме.

Инвестиция құю, туыс елдер арасындағы сауда көлемін молайту, бар тарапқа ыңғайлы ықпалдастық орнату басты бағыт!

7. Mediation – елдестіру, татуластыруға талпыну. Тіпті болмаған күннің өзінде ақ ниетіңді білдіру. Ғаламда бір емес бірнеше соғыс боп жатқан тұста Тоқаевтың салқынқанды шешімдері таңырқатпай қоймайды. Бүгін де Палестинаға көмек бермек ойы барын мәлім етті. "Бетегеден биік, жусаннан аласа" саясат құру деген осы ғой.

8. Energy - қуат алмасу. Энергияның барлық түрі десек жарасар еді: өндіріс қуаты, ақша қуаты, адам қуаты, Үкіметтер арасындағы, қарапайым түркі азаматтары арасындағы қуат – бұл жетістік кілті!», – деп жазды ол.

Журналист саммит арқылы Түркі бірлігіне қарай өте үлкен, кәдімгідей мағынасы бар қадам жасалды деп есептейді.

«Әлбетте, бұндай ауқымды өзгерістердің бірінші жылы ғана, әлі көп нәрсе бұлыңғыр.

Екі нәрсе айқын: Түркі бірлігіне қарай өте үлкен, кәдімгідей мағынасы бар қадам жасалды;

Екіншісі, осы Түркі елдері ұйымына биыл басшылық ететін Қазақстан бәрімізге ұтымды істерге мұрындық болары!

Үнемі айтам ғой, дипломаттан Президентің болғаны қандай жақсы», – деп түйіндеді ойын Алмас Алтай.  

Фото: әлеуметтік желіден алынды