Жәрмеңкені өткізудегі мақсат — азық-түліктің бағасын өсірмеу әрі елордамыздың тұрғындарын әлеуметтік жағынан қолдау.
ҚазАТЗУ мен Сарыарқа ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін өткізді
989
оқылды

3 қарашада «С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті» КеАҚ мен «Сарыарқа» ауданы әкімдігінің қолдауымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.

«Жәрмеңкені өткізудегі мақсат – азық-түліктің бағасын өсірмеу әрі елордамыздың тұрғындарын әлеуметтік жағынан қолдау.  Осыны ескере келе ет, сатылымға шығарылатын тауарлар көп мөлшерде жеткізіледі. Бағалары қалта көтерерлік. Тауар сапасы да жоғары. Жәрмеңкеге негізінен университетіміздің қосалқы шаруашылықтарында ғалымдарымыз бен студенттеріміздің өсірген ауыл шаруашылық өнімдері мен университет серіктестерінің өндірген өнімдері саудаға шығарылды» – деді С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ қаржы директоры Е.К.Арпабаев.

Жәрмеңкеге қала тұрғындарының қазіргі сұранысына ие делдалсыз тікелей келген өнімдер шығарылды. Атап айтқанда: 10 тонна ет, 200 кг балық, 25 тонна жемістер мен көкөністер, 10 тонна сүт өнімдері мен кондитерлік өнімдер сатылды. Мұндағы қауіпсіз және құнарлы өнімдер қала тұрғындарына, университет қызметкерлері мен студенттерге қолжетімді бағада сатылғанын атап өтуге әбден болады. Жәрмеңкеде сатылған тауарлардың барлығы тауардың өзіндік құнымен сатылғандықтан,  жәрмеңкені ұйымдастырудағы негізгі мақсат – қыс айына қамданған қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау.

Жәрмеңкені ҚазАТЗУ басқарма мүшесі, бірінші проректор А.Абдиров кіріспе сөзбен ашып, жәрмеңке жұмысына сәттілік, сатушылар мен тұтынушыларға табыс тіледі. ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаменті басшысы м.а. Ш.Ахметов министрлік тарапынан бұл шараға қолдау білдіріп, ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді. Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары М.Жалпыбаев қатысып, жәрмеңкеге жиналған қауымға береке, жәрмеңкені ұйымдастырушы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің басшылығының бұл бастамасының жалғасты болуына тілектестігін білдірді. Сондай-ақ, ірі ауыл шаруашылық ұйымының құрылтайшысы С.Ескендіров сөз кезегінде университетіміздің түлегі екендігін мақтан тұтатынын, сондықтан да білімнің қара шаңырағында өтетін шараларға әркез қолдау білдіретінін атап айтты.

Университет тарапынан жәрмеңкеге қатысушылар үшін арнайы концерттік және спорттық бағдарламалар ұйымдастырылып, жұртшылыққа жоғары көңіл күй сыйланды. Сыртта орнатылған LED экраннан ҚазАТЗу туралы бейнефильмдер көрсетіліп, жәрмеңкеге келушілерге университетіміз туралы мол мағлұмат берілді.

Жәрмеңкенің арнайы ашылуынан кейін өткен спорттық сайыста

Жәрмеңкеге келген қала жұртшылығы, университет қызметкерлері мен студенттері арасында гір көтеруден жарыс ұйымдастырылды.

Өте тартысты да қызықты өткен жарыстың нәтижесінде:

1-ші орын А. Исмаилов – ҚазАТЗУ шаруашылық бөлімінің қызметкері (дәнекерлеуші);

2-ші орын А. Абдыркен – қала тұрғыны;

3-ші орын Б. Нуртилахан – ҚазАТЗУ техникалық факультетінің 1 курс студенті жеңіп алды.

Жеңімпаз бен жүлдегерлерге арнайы университет әкімшілігі мен кәсіпкерлікті дамыту және комерциализациялау департаменті тағайындаған арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Жәрмеңке көрігін қыздырған С.Сейфуллин университетінің серіктестестеріне ҚазАТЗУ Басқарма төрағасы-Ректоры М.Тіреуовтың алғысхаттары табыс етілді.

Анықтама:  Жәрмеңкеде «Агрофирма «Родина» ЖШС, «Есіл-Агро» ЖШС, «Астана Өнім» АҚ, «Рахат» АҚ, «Моя Ферма» ЖШС, «Жас» ШҚ, «Ерталап» ЖК, «Тұрсын» ЖК, «Ұлбала» ЖК, «Аида» ЖК, «Арыстанбаева» ЖК еншілес кәсіпорындарының 50 тоннадан астам ауыл шаруашылық өнімдері сатылды.

Фото: egemen.kz