5-10 қараша аралығында Шанхай қаласында Қытайдың алтыншы халықаралық импорттық ЭКСПО көрмесі (China International Import Expo) өтеді.
ЭКСПО-да өз әлеуетін көрсетеді
947
оқылды

Бұл көрмеге Қазақстан 5 жылдан бері қатысып келеді. Биыл Қытайға елімізден құрамына 40-тан астам мемлекеттік, квази­мемлекеттік және жеке компания­лар кіретін өкілетті делегация барады. Қазақстандық кәсіпорындардың импорт көрмесіне қатысуы – Сауда және инте­грация министрлігі арқылы экспортты ынталандыру және ілгерілету жөніндегі мемлекеттік шаралардың бірі.

«Биыл Қазақстан екі стенд таныс­тырады. Біріншісі – елдік стенд. Онда Kazakh Invest, Kazakh Tourism, ҚТЖ, Эйр Астана, Қазпошта, ҰАТ сияқты ірі ұлттық компаниялар еліміздің экс­порттық, инвестициялық, логистикалық, инновациялық және туристік әлеуетін таныстырады. Агроөнеркәсіп саласын Ет одағы, Қазақстанның майлы дақыл­дарды қайта өңдеушілер ұлттық қауым­дастығы, Астық одағы және Азық-түлік корпорациясы көрсетеді. Екінші стенд – коммерциялық стенд, онда отандық өндірушілер Қытай нарығында жоғары сұранысқа ие ауыл шаруашылығы өнім­дерін ұсынады. Халықаралық көрмеге қатысу үшін компанияларды іріктеу кезінде ҚХР Мемлекеттік кеден басқар­масы импорттаушыларының тізілімінде тұрған, қытай нарығына экспорттауға рұқсат құжаттары мен тәжірибесі бар ком­панияларға, сондай-ақ өнімдері мар­кетинг тұрғысынан тартымды кәсіп­орын­дарға басымдық берілді», – деді «QazTrade сауда саясатын дамыту ор­талығы» АҚ бас директорының орын­басары Әсел Егембердиева.

Сарапшылардың бағалауынша, қазақстандық кәсіпорындардың Қы­тайға 1 миллиард доллардан астам сомаға тауар жеткізуге экспорттық әлеуеті бар. Қытайлық тұтынушылардың сұраны­сына ие тауарлар қатарында дәнді дақыл­дар, май өнімдері, сондай-ақ өнеркә­сіптік тауарлар бар. Мал шаруашылығы өнімдері мен ауыл шаруашылығы жан­уарларына арналған құрама жемге сұра­ныс жоғары. Биыл Қытай импорты көр­месіне 137 елдің кәсіпорындары өз тауар­ларын ұсынады. Олардың арасында ірі ұлттық компаниялар мен трансұлттық корпорациялар да бар.

«Шанхай ЭКСПО көрмесі – бұл қытайлық серіктестер қазақстандық өнім­нің сапасын өз көздерімен көріп, бағалай алатын ауқымды алаң, сондық­­тан мемлекет жыл сайын оған қатысуға үлкен көңіл бөледі. Көрме біздің өнім өндірушілерге үлкен мүмкіндіктер бере­ді, сенімді серіктестер табуға және тәжірибе алмасуға көмектеседі. Бес жыл­да Қытайдың импорттық көрмесіне ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін 160 ком­пания қатысып, 260 млн доллар­дың келісімшартына қол қойыл­ды», – деп түйіндеді Әсел Егембердиева.

QazTrade мәліметінше, 2022 жылы Қытаймен өзара тауар айналымы 24 млрд долларды құрады. Оның ішінде экспорт 13 млрд доллардан асты. Әсіресе, Қытай­ға мұнай және май өнімдерін жеткізу 13,5 есе өсті. Қазақстанның майлы да­қыл­­дарды өңдеушілер ұлттық қауымдас­тығының болжамы бойынша, алдағы бірнеше жылда қазақстандық кәсіп­орын­дар экспорттық әлеуетін 300 мил­лион долларға дейін арттыра алады.

Н.ҚОСАЙ