Полицейлер интернет арқылы жасалатын есірткі саудасының етек жаюына байланысты құзырлы органдарда ақпараттық технологиялар саласындағы мамандар жетіспей жатқанын айтып отыр.
Жыл басынан бері Атырау облысында есірткі саудасына қатысты 45 қылмыстық іс тіркелген.
«Нәтижесінде, соңғы бес айда «қара нарықтан» жалпы салмағы 5 келі есірткі заты тәркіленді. Есірткі заттарын жарнамалайтын 15 сайт анықталып, бұғаттауға жолданды. «Трамодол» есірткі қатарына енгізілгенімен, дәріханалық нашақорлыққа жататын препараттардың өзге түрлері пайда болды. Сондықтан мамандар күдікке ілінген адамның ағзасынан дәрілік есірткіні анықтау мүмкін болмай отырғанына шағымдануда. Сол үшін синтетикалық есірткінің жаңа түрін анықтайтын заманауи құрылғы қажет», – дейді Атырау облыстық Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Роман Ермұханов.
Айтуынша, синтетикалық есірткілерді «жасырып кету» жолымен тарату соңғы екі-үш жылда айтарлықтай күш алған. Мамандардың айтуынша, есірткі заттарын тарату контактісіз әдіспен, яғни «таңбалар» арқылы жүзеге асырылады.
«Әдетте, жұмыс істеу схемасына «әкімші», зертхана, ауқымды тауармен жұмыс істейтін «кладмендер», тауарды орайтындар мен «закладчиктер» кіреді. Олардың барлығы бір-бірімен таныс болмауы да мүмкін. «Еңбекақыларын» көп жағдайда Kiwi-әмиян арқылы аударады. Араларында банк карталарын қолданатындары сирек. Сондықтан қылмыстың бұл түрімен күресу қиындық тудыруда», – дейді мамандар.
Былтыр Атырауда синтетикалық есірткі таратушы 17 адам ұсталды. Олардың ішінде біреуі ғана Атырау қаласының тұрғыны, қалғандары басқа аймақтардан осы «жұмысқа» арнайы келгендер болып шықты. Сөйтсек, наркодиллерлер «курьерлерді» жылдам және оңай жолмен ақша табуға болатынына сендіріп, психологиялық тұрғыда кәдімгідей жұмыс істейтін болып шықты. «Үй-жай, тамақпен қамтамасыз етеміз. Әрі басқа қаладан болғандықтан, полицияның назарына түспейсіңдер» деп алдайтын қылмыскерлер «курьерлерді» кез келген уақытта тастап кете алады.
Мысалы, былтыр атыраулық полицейлер есірткіні жасырып кетумен айналысқан 39 жастағы әйелді қолға түсірді. Орал қаласынан келген әйелге «үй иелері» ең арзан пәтерді жалға алып беріп, тез дайындалатын Қытай кеспесімен тамақтандырған. Әйел күн сайын есірткіні жасырып кету үшін ғана көшеге шығып отырған.
Жоғарыда наркодиллерлер пайдаланатын телеграм каналдар туралы тектен-тек қозғағанымыз жоқ. «Жоғары жалақы төлейтін жұмысқа шақырамыз, тәжірибе керек емес, ештеңені білудің қажеті жоқ» деген бағыттағы жымысқы жарнамаларға елітіп жатқандар аз болмай тұр.
Күні кеше ғана еліміздің Ішкі істер министрлігі есірткі жеткізуші «курьерлерді» «жұмысқа» шақырған 3 мыңға жуық жарнамаларды бұғаттағандарын мәлімдеді. Мұндай жарнамалар танымал жарнама платформаларының бірі – OLX.kz сайтына орналастырылады да, әрі қарай телеграм-каналдарда, мессенджерлерде жарнамаланады. Белгілі болғандай, есірткі сатушыларды «жұмысқа» шақырған хабарландыру курьерлік жұмыс, қолөнершілер, қызмет көрсету саласындағы ұсыныстар атымен жасырылады.
«Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік органдардың, OLX Group және еріктілердің арасында ортақ жұмыс чатын құрды. Онда күдікті хабарландыруларға сілтемелер орналастырылады, жедел тексеруден кейін мұндай жарнамалар дереу жойылады», – дейді Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Сарқытбай Құсайынов.
Хабарландыру агрегаторларын бақылаудан басқа, полиция есірткінің таралуы туралы ақпаратты қамтитын сайттарды, жазбаларды, блогтарды және жарнамаларды анықтау үшін интернет кеңістігін бақылауда ұстауда.
Атыраулық Сандуғаш Кукенова – жеке басына қауіп төнгеніне қарамастан, біраз уақыттан бері синтетикалық есірткінің жастар арасында таралуына қарсы күресіп жүрген қоғам белсендісі. Ол әр бұрышқа жасырып кететін есірткі туралы алғаш рет өзі көмектесіп жүрген аналардан естігенін айтады.
«Оңай болмаса да, осы іске кірісуіме аналардың мұң-зары себеп болды. Себебі күйеуінің, иә баласының мінезі өзгеріп, аты жаман есірткіге әуес болып жүргендерін аналар жылап-еңіреп айтып берді», – дейді қоғам белсендісі Сандуғаш Кукенова.
Сандуғаштың айтуынша, қазір жастардың көпшілігі синтетикалық есірткіге отырып кеткен.
«Қазір ішінен тынып жүрген әйел өте көп. Біз көп жағдайды біле бермейміз. Ащы да болса ақиқат сол – синтетикалық есірткіден адам шыға алмайды. Себебі ол адамның миын толық басқарып алады. Адам санасынан біржола айрылады, соңында шіріп өледі. Парақшама хат жазып, өздерінің шаршағандарын, балаларының өмірі үшін қорқатындарын айтып, жылап жататын әйел өте көп. Көп жағдайда есірткі сатушылардың нөмірін осындай әйелдер жазып жатады. Мен осындай хаттарды Атырау қаласының прокуроры, Полиция басқармасы басшылары отырған жұмыс чатымызға жіберіп отырамын», – дейді Сандуғаш.
Белсенді тіпті, жастардың есірткіге әуес болуының себебін де зерттеп көрген. Оның айтуынша, есірткіге тәуелділіктен емделіп жүрген жастың көпшілігі үйден жылулық көрмегенін жеткізген.
«Жастардың арасында отбасы жылулығын сырттан іздеп кететіндер көп. Синтетикалық есірткіге тәуелді болғандардың арасында 16 жастағы өрімдей қыздар да бар. Мен олардың болашағына алаңдап, әлеуметтік желіге шығара алмадым. Сондықтан таңнан кешке дейін жұмыстың соңында жүрген ата-аналарды балаларымен күніне бір сағат болса да сөйлесуге шақырамын. Балаларының достарын, айналасын, кіммен сөйлесіп жүргенін де біліп, зерттеу керек. Осындай қиын жағдайда қалғандармен жұмыс істейтін мықты психологтар да қажет», – дейді Сандуғаш.
Бұған дейін Атырау облысы Полиция департаменті соңғы екі жылда 18 мың дана психотроптық таблеткалардың тәркіленгенін хабарлаған еді. Қаржылық барлау агенттігінің таратқан ақпаратына қарағанда, тек былтырдың өзінде Қазақстандағы есірткі айналымындағы қаржы 4,6 миллиард теңгеге жеткен.
Бас прокуратураның мәліметінше, елімізде есірткіге тәуелділікпен 18 300 адам есепте тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы бұл көрсеткіш 120 мыңға дейін жетуі мүмкін екенін айтады.
Бұл деректің барлығы, есірткі бизнесімен күресте құзырлы органдар ғана емес, ата-ана, отбасы деп аталатын қуатты күштің бірлескен қадамдары керек екенін көрсетеді.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА
© коллаж: Елдар ҚАБА