Оған кейінгі кездері балалар мен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың небір түрінің тіркеліп жатқаны дәлел бола алады. Осы орайда Жетісу облысы басшылығының бастамасымен жүзеге асырылған оқушыларды адамгершілік-құқықтық тәрбиелеу жөніндегі пилоттық жоба Талдықорған қаласының 30 мектебін қамтып отырғанын айта кеткенді және басқа аймақтарға үлгі ретінде ұсынғанды жөн көріп отырмыз. Бұл жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың жеке тұлға ретінде дамуын және оларды әлеуметтендіруді менторлық сүйемелдеу арқылы өңірде бірыңғай тәрбие кеңістігін қалыптастыру.
«Әдеп-құқықтық жұмыс жөніндегі ментор» жобалық кеңсесі облыстық Қоғамдық даму басқармасының базасында құрылған. Басқарманың мәліметіне қарағанда, облыс орталығының әрбір мектебінде педагогика, психология, құқық саласында білімі бар, сондай-ақ біліктілік талаптарына сәйкес келетін, арнайы оқу курсынан өткен мамандар менторлық қызметті жүзеге асырады. Қазір Талдықорған қаласы бойынша әр мектепте 1 маманнан, барлығы 30 адам осы бағытта жұмыс істейді. Осынау шарапатты шара адамдарды жұмыспен қамтумен қатар, ең бастысы мектепте оқитын балалардың тәрбиесіне де барынша оң ықпал етпек.
«Қазір қалалық мектептердің оқушылары ментор маманның кім екенін, оған сенуге және өзін алаңдатқан мәселелерін айтып, ой бөлісуіне болатынын біледі. Ментор кеңес береді, бағыттайды, мәселені шешу жолдарын ұсынады, қажет болған жағдайда әртүрлі қызмет салаларының мамандарын тартады. Осылайша, менторлар мектеп, ата-ана, жалпы қоғам мен балалар арасын жалғастыратын өзіндік ерекшелігі мен маңызы бар көпір болып отыр», – дейді «Әдеп-құқықтық жұмыс жөніндегі ментор» жобалық кеңсесінің жұмысына жетекшілік ететін облыстық Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ілияс Түстікбаев.
Оның айтуынша, қазан айында менторлардың қатысуымен «Қауіпсіздік және құқықбұзушылықтың алдын алу» айлығы өтті, ал қараша айына «Білім беру» айлығы жоспарланып отыр. Осыған байланысты желілік кестеге сәйкес Талдықорған қаласының оқушылары мен мұғалімдеріне облыстық Полиция департаментінің экстремизмге қарсы күрес, есірткіге қарсы күрес бөлімдерінің, Талдықорған қалалық №1 емхананың және тағы басқа да салалардың мамандарымен бірлесіп, дәрістер өткізіледі.
Сонымен қатар шақырылған лекторлардың қатысуымен арнайы әңгімелесулер жоспарланған. Мысалы, жоба енгізіле бастағаннан бастап оқушыларға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің, облыс прокуроры Мадияр Басшыбаевтың, «Ұлттық еріктілер желісі» ЗТБ атқарушы директоры Татьяна Миронюктің, дінтанушы, теолог, психолог Нұрлан Асановтың, «Қазақстан студенттер альянсы» республикалық студенттер қозғалысы» ҚБ төрағасы Ұлан Нәукеннің, шығыстанушы, «Отбасы хрестоматиясы» жобасының жетекшісі, «Қуыскеуде» кітабының авторы Санжар Керімбайдың дәрістері ұйымдастырылды. Ал қараша айының алғашқы онкүндігінде 225 оқушыға SDU, ҚБТУ, ҚазҰУ, ҚазҰПУ, Narxoz, ҚазҰМУ және еліміздің тағы басқа үздік жоғары оқу орындарына кәсіби бағдарлау экскурсиялары жоспарланған.
Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында жүктелген тапсырмаларды орындауға бағытталған жұмыстардың бірі болып саналатын «Адамгершілік-құқықтық жұмыс жөніндегі ментор» жобалық кеңсесі өз жұмысын биылғы оқу жылында бастаған. Жобалық кеңсе жасөспірімдер тәрбиесінің өзектілігін ескере отырып, өз жұмысында балалар мен жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, нашақорлықтың, лудоманияның, суицидтің, буллингтің, кибербуллингтің, зорлық-зомбылықтың барлық түрінің алдын алу, жыныстық қолсұғылмаушылықты қалыптастыру (ерте жүктіліктің алдын алу), саламатты өмір салтын насихаттау, мамандық таңдау және кәсіптік бағдар беру, сонымен қатар шығармашылық ойлауды дамыту және қаржылық сауаттылықты арттыру бағыттарын негізге алған.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы