Астанадағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры биыл 5 жылдық мерейтойына арналған мерекелік іс-шара өткізді.
Мәмбетов театрында мерейтой
1,028
оқылды

Іс-шара «Мәмбетов мұрасы» атты баспасөз мәслихатымен басталды. Жиын барысында театрдың көркемдік жетекшісі Тұрсынбек Қабатов театрдың бүгінге дейін жеткен жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы айтып өтті. Оның айтуынша, бес жыл бұрын 20 актермен басталған мәдениет ошағында қазір 40-тан аса өнер иесі қызмет етеді.

Сондай-ақ Ә. Мәмбетов атын­дағы мемлекеттік драма және комедия театрының бас режиссері Ұланмырза Қарыпбаев театрдың 5 жылдағы жетістік­теріне тоқталып өтті. 

– Бес жылда театр үлкен көрсеткіштерге қол жеткізді. Театр спектакльдері көрермен тарапынан үлкен сұранысқа ие болды. Биыл театрымыз алғаш рет шетел сахнасында өнер көрсетті. Беларусьте өткен «Март-Контакт» халықаралық театр фестивалінде «Үздік актер­лік ансамбль» номинациясын жеңіп алды. Ш. Құсайынов атын­дағы облыстық қазақ музы­калық-драма театры мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойына орай өткізілген «Сәлем» халықаралық комедия­лық театр фестивалінде «Чарли Чаплин» трагикомедиясымен қатысып, бас жүлденің иегері атан­ды, – дейді бас режиссер Ұланмырза Қарыпбаев. 

Айта кетейік, 5 жылдың ішінде театр репертуарында көрерменнің жүрегінен орын алған, адам жанын рухани байы­татын 22 спектакль жарыққа шықты, 424 іс-шара мен 2 халық­аралық жобаға қатысты. 

Соңғы уақытта әдеби шығарманы театр сахнасына бейімдеу үрдісі жақсарып келеді. Биыл Ақан серінің 180 жылдығы әрі Сәкен Жүнісовтің 90 жылдық мерейтойына орай «Ақан сері» спектаклі сахналанбақ. Еске салайық, бұған дейін «Ақан сері – Ақтоқты», «Құлагер» қойылым­дары қойылған. 

Баспасөз мәслихатынан кейін театр актерлерінің фотогалереясы салтанатты түрде ашылды. Галерея­ның қызыл лентасын Ә.Мәм­бетовтің жары – Қорлан Ихсанқызы кесті. Өнер ордасы­ның мерейтойына орай Астана қалалық мәслихатының депутаты Ерлан Дәкенов құттықтау сөз сөйлеп, қалалық мәслихаттың төрағасы Ерлан  Каналимовтың құттықтау хатын табыстады.

Сахна саңлақтарының қаты­суымен «Бізге 5 жыл» атты спек­такль-концерті Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкеннің құттықтау сөзімен басталды.

– Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры осыдан 5 жыл бұрын Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында көрер­менге есігін айқара ашқан еді. Бүгін, міне Астанамыздың 25 жылдық мерейтойымен қатар театрдың да 5 жылдығын атап өтіп отырмыз. Уақыт өлшемімен қарасақ, 5 жыл – қас-қағым сәт. Бірақ театр ұжымының осы уақыт ішінде жеткен жетістіктері орасан зор. Театр республикалық, халықаралық фестивальдарда жүлделі орындардың иегері атанды. Театр репертуарындағы «Боранды бекет» қойылымы еліміздегі 400 премьераның ішінен үздік бестікке кіріп, өткен жылғы «Ұмай» ұлттық өнер сыйлығымен марапатталды. Ал­ға­шында NOMAD деген атау­мен ашылған театрға Әзірбайжан Мәмбетов есімі берілгеннен кейін жақсы серпіліс болды. Себебі Әзекеңнің театр әлемінде қалдырған ізі мәңгілік, бұл өнер ордасының да жолы мәңгілік болсын! – деді елорда әкімінің орынбасары Есет Байкен.

Сонымен қатар іс-шара барысында халықаралық «Түрк­сой» ұйымының бас хатшысы Шавкат Исмайлов  өнер ұжымын «Түркі дүниесінің мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапаттады.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ