Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының хабарлауынша, азамат Ш. 2019 жылдың 24 қыркүйегі мен 2022 жылдың 14 қазаны аралығында банк қызметкері ретінде өзін таныстыра отырып, жәбірленушілерге 5%-дан 20%-ға дейінгі мөлшерде ай сайынғы төлемдерді және банкте ипотекалық қарызды тиімді шарттармен ресімдеуге көмек көрсетуді уәде ете отырып, өзі жүзеге асыратын қызметке ақшалай қаражат салуды ұсынған.
Aikyn.kz жазуынша, өзінің іс-әрекетінің сенімі үшін ол қайтару мерзімін көрсете отырып, қолма-қол ақшаны қайтару туралы қолхат берген. Осылайша, сотталушы алаяқтық жолмен жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам аса ірі мөлшерде 37 жәбірленушінің ақшалай қаражатын иемденіп, өз қалауы бойынша билік етті.
Прокурор айыптауды қолдап, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындамады және іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмағаны үшін оны ақтауды сұрады. Жәбірленушілер бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, кепіл шарттарымен, хат-хабарлармен, қолхаттармен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
"Сот сотталушыны алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 10 жыл мерзімге жеке тұлғалардың ақшалай қаражатын тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Үкім заңды күшіне енген жоқ", – деп жазды Астана қалалық соты.