«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі аймақтық кеңесі республикалық маңызы бар автомобиль жолына мониторинг жүргізді.
«Атырау-Астрахан» тасжолының 240 шақырымында көлік қозғалысына жол ашылды
1,612
оқылды

Жол сапасын тексеру мақсатында  «Атырау-Астрахан» учаскесінің  Исатай ауданы аумағында жүргізіліп жатқан реконструкциялау жұмысымен танысты.

Кеңес төрағасы Нұрбол Құрман бастаған Атырау қалалық мәслихатының депутаттары Асқар Саппаев пен Ақылбек Құлбарақов жол құрылысы жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекемелердің жұмыс орнында болып, жұмысшылармен кездесті. 

Мұнда басым бөлігі Исатай және Құрманғазы ауданының тұрғындары ауысыммен  жұмыс істейді. Жұмысшылардың жалақысы 15 күнге 250-300 мыңнан  басталады. Жатын орын, монша, кір жуатын арнайы бөлме, асхана, тағы басқа қажеттіліктермен толықтай қамтамасыз етілген, жұмысшылар құнарлы ас мәзірімен қамтылған.

Жұмысшы топ кездескен қызметкерлер жалақыны уақытында алатынын және жұмыс барысы мен әлеуметтік қамту іс-шараларына шағымы жоқ екендігін айтты.

 

Исатай ауылында орналасқан жұмысшылар қалашығында да  барлық жағдай жасалған. Мердігер мекеме  елді мекен тұсындағы теміржол бойынан  жол құрылысына қажетті материалдарды дер кезінде әрі тиімді жеткізу үшін теміржол тұйығын жасап, жұмыстың өнімділігіне қол жеткізіп отыр. 

Іссапар барысында «AMANAT» партиясы депутаттарының  қатысуымен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК филиалының өкілдері жұмыс сапасына сараптама жүргізу мақсатында асфальттан сынама алып, арнайы зертханаға жолдады. 

– Жалпы ұзындығы 277 шақырым болатын «Атырау-Астрахан» (616-893 км)  учаскесі бойынша 240 шақырымы жолдың төменгі қабаты, оның ішінде 60 шақырымына жоғары қабат жабындысы төселген. Бүгінде 240 шақырым асфальт көлік қозғалысына берілді. Жыл соңына дейін қалған бөлігінің бірінші қабатын төсеу жұмыстары аяқталады. Ал, толықтай алдағы жылы тапсырылатын болады, – деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Болатбек Айтбаев. 

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы негізінде өңірде жүзеге асып жатқан жобалардың барлығы партияның назарында болады.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА