Атырау облысының тұрғындары 5 қарашадан 6 қарашаға қараған түні аспандағы ерекше құбылысқа куә болды. Әлеуметтік желілерде тараған әуесқой түсірілімінен аспанның қызыл түске боялғанын байқауға болады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, қызыл полярлық шұғыланы Атырау қаласымен қатар, бірқатар аудан тұрғындары да анық байқаған. Сондай-ақ бұл жағдайды еліміздің бірқатар облыс тұрғындары мен Ресей, Беларусь мемлекеттерінің халқы да байқап үлгерген.
Десек те, аталған құбылысты астроном ғалымдар «қызыл полярлық шұғыла» деп түсіндірді. Ол күшті магниттік дауылдардың нәтижесінде ғана пайда болады екен. Бұл өте сирек кездесетін құбылыс – планетамыздың магнит өрісі әлсіреп, жоғары энергиялы күн бөлшектерінің атмосфераға енуінің нәтижесі болып отыр.
Айта кетейік, тұрғындардың басым көпшілігі қызыл аспанды «өрттің себебінен» деп дүрліккен енді. Бірақ, облыстық ТЖД мәлімдеуінше, өңірде ешқандай қамыс өрті тіркелмеген.
Баян Жанұзақова