Қазіргі уақытта Газа секторында 76 отандасымыз бар. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Біздің деректеріміз бойынша Газа секторында Қазақстан Республикасының 76 азаматы бар. Отбасы мүшелерімен қоса есептегенде олардың саны 161. Сонымен қатар шетелдік азаматтардың шығуына байланысты Мысыр және Израиль тарапынан белгілі талаптар бар. Олардың үштен бірі эвакуациялауға келмейді. Олар кәмелетке толғандар, ерлі-зайыптылар», – деді Айбек Смадияров брифингте.
Оның айтуынша, Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы жағдайды бақылауда ұстап отыр.
«Көп нәрсе бізге байланысты емес. Әскери дипломатиялық дағдарысты бүкіл әлем шешуге тырысып жатыр. Өз тарапымыздан азаматтарымыз Мысыр шекарасынан өткеннен кейін арнайы эвакуациялауға дайынбыз. Шетелде Қазақстан азаматтарын қорғау Сыртқы істер министрлігі мен елшіліктердің негізгі міндеттерінің бірі. Біз Таяу Шығыстағы жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Өкінішке қарай, шиеленіс күшейіп барады», – дейді ол.
Фото: bangkokbook.ru