Алматылық құтқарушылар мен еріктілер үш күн бойы Іле Алатауы тауларында адасып кеткен ер адамды іздеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Алматы қалалық ТЖД-ның мәліметінше, 4 қараша күні, сағат 17:43-те ТЖД-ға «Аюсай-3» сарқырамасы аумағында адасып кеткені туралы 1971 жылы туған ер адамнан хабарлама түскен. Ер адам: «қаланы биіктіктен көріп тұрмын, алайда, тік беткейден өздігімнен түсе алмай тұрмын» деп көмек сұраған.
«Хабарлама түскен соң іздестіру-құтқару жұмыстарына Үлкен Алматы көлі бақылау-құтқару бекетінде орналасқан "109" құтқару қызметінің құтқарушылары, ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының жедел тобы тауларға іздестіру жұмыстарына жіберілді. Оның ішінде кинологтер де болды. «Аюсай» шатқалына жеткен соң құтқарушылар «Аюсай» шатқалының барлық үш сарқырамасын зерттеді. Тез арада ТЖД бастығының міндетін атқарушы полковник Асан Айтеевтің басшылығымен қаланың өзара іс-қимыл қызметтерінің жедел штабы (ішінде қалалық полиция департаменті бар) құрылды. Іздестіру-құтқару жұмыстарына алғашқы күні 36 адам, 3 кинологиялық есеп, 2 ұшқышсыз ұшу аппараты және «Доброспас» еріктілері жұмылдырылды», – деп хабарлады ТЖД-да.
Жедел кезекшілер жоғалған азаматтың әйелімен байланысқа шыққан кезде, ол жұбайының тауға сенбі күні таңғы 7-де кеткенін айтты. Сағат 7:23-те Экобекетке тұрғаны туралы хабарлама жіберген. Сағат 11.04-те «Аюсай» тауына дейін 1,5 шақырым қалғанын айтқан. Осыдан соң байланысқа шықпаған және геолокацияны де жібере алмаған, себебі, ары қарай байланыс аясынан тыс жерде болған.
«Туристті іздеу жұмыстары қараңғы уақытта, күрделі таулы рельеф аумағында – тік беткейлерде жүргізілді. Құтқару жұмыстары кезінде құтқарушылар альпинистік жабдықты қолданды. 5 қараша күні таңертең (жексенбі) құтқару операциясына Республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушылары тартылды, оның ішінде бір кинологиялық есеп болды. Іздеу жұмыстары тоқтаған жоқ, екінші сарқыраманы тексерген соң, құтқарушылар «Проходное» шатқалына қарай жүріп, үшінші сарқыраманы зерттеуге кіріседі», – делінеді ТЖД-ның хабарламасында.
ҚР ТЖМ Қазавиақұтқару авиаборты дайындыққа келтірілді. Алайда, күрделі рельеф пен қалың өсімдіктер беткейлерде қозғалысты байқауға мүмкіндік бермеді. Осыған орай ТЖД-ның дрондары мен командалық-штабтық көлігі жұмылдырылды.
«6 қараша күні (дүйсенбі) сағат 09.58-де Бостандық ауданы, «Аюсай» шатқалы, үшінші сарқырамадан жоғары жерде еріктілер ер адамды көреді. 1971 жылы туған ер адамның алдынан шығып, оны тасымалдау үшін 109 құтқару қызметінен 11 адам, ТЖМ РЖҚЖ-дан 12 адам «Космостанция» тарапынан барады. 6 қарашада іздестіру-құтқару жұмыстарына барлығы – 71 адам, 5 кинологиялық есеп, 10 бірлік техника, 4 ҰҰА жұмылдырылды», – деп хабарлады ТЖД-ның баспасөз қызметі.