Байқоңыр қаласы көшелеріндегі көрнекі құралдар, жарнамалық және хабарламалық билбордтар енді қазақшаланады.
Байқоңыр қазақшаланып жатыр
3,445
оқылды

Оқу-ағарту жүйесіндегі уағдаластыққа Қазақстан – Ресей үкіметаралық комиссия отырысында қол жеткізілді. Қос тараптық келісім аясында келер жылы бір білім беру нысаны мен балабақша отандық білім стандартына көшеді деп жоспарланған, деп хабарлайды Aikyn.kz.

"Сонымен қатар жергілікті биліктің қолдауымен Байқоңыр қаласы, Төретам және Ақай ауылдарындағы мектептердің жұмысын үйлестіретін дербес ұйым құрылады. Қазір Байқоңырда 5 отандық және 7 ресейлік мектеп бар. Соңғысында Қазақстан азаматтарының 2 мыңнан астам баласы білім алып жүр. Көрші мемлекеттің оқу бағдарламасымен әріп таныған оқушылар енді қазақ тілі мен әдебиетін оқуға мүмкіндік алып отыр", деп хабарлайды "Хабар 24".

"Қазіргі таңда Янгель атындағы 7-мектепте оқытылып жатыр. 5,6,8 және 9-сыныптарда. Алдағы уақытта қалған 5 ресейлік мектепте осы пәндерді оқыту жөнінде жұмыстар атқарылады", - деді Қармақшы аудандық білім бөлімінің Байқоңырдағы сектор меңгерушісі Жадыра Алданова

"Жоғарғы оқу орындарына түсуге де жоғарғы сынып балаларына осы пәндер керек. Сол себепті осы мәселелер біраздан бері алдыңғы үкіметаралық комиссияларда қаралып жүрген болатын. Мәселе оң шешімін тапты. Біз қазір балалардың арасына іріктеу жасап, кім қандай пәнді оқығысы келеді? Пән таңдаған балаларды Ресей тарапы қамтамасыз ету керек толықтай мұғалім және кітаппен", - деп атап өтті ҚР Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай

Байқоңыр қаласы көшелеріндегі көрнекі құралдар, жарнамалық және хабарламалық билбордтар енді қазақшаланады. Бұл да үкіметаралық комиссияда шешілген мәселенің бірі. Сонымен қатар ғарыш айлағы жалға берілген 1994 жылдан бері алғаш рет 4 көшеге ұлт батырлары мен абыз-ақындарының есімі беріліп отыр.

"Атап айтатын болсам, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Бауыржан Момышұлы және Қорқыт ата көшелері берілуде. Халық жақсы қуана қабылдады. Бұл - өте тамаша, керемет жаңалық. Алғысым шексіз мемлекет басшысына және облыс әкіміне", - дейді Байқоңыр қаласының тұрғыны Әйгерім Балтабай.

50 мыңнан астам тұрғыны бар жұлдызды қалашықта Қазақстанның ұлттық және мемлекеттік мерекелері кең көлемде тойланатын болады. Сонымен қатар Қызылорда облысындағы аудан-ауыл мектеп оқушыларына космодромға экскурсия жасау мүмкіндігі кеңейтіліп отыр.