«Достар, танысып қойыңыздар, бұл – менің жаңа досым. Табиғаттың бұл ғажабын, яғни тазы күшігін маған Қасым-Жомарт Кемелұлы сыйлады.
Тазы – біздің ұлтымыз үшін құндылық, бабадан қалған «Жеті қазынаның» бірі. Қазіргі күні Қазақстанда тазыны сақтап қалуға және халықаралық дәрежеде мойындауға баса көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Себебі бұл қазақы тұқым тән сұлулығымен, ұстамдылығымен ерекшеленеді және менің байқауымша, өте ақылды келеді. Ата-бабамыз тазыны қастерлеп, жақсы көрген. Бұл ит киіз үйге еркін кіре алған, бұл оның тазалығын білдіреді. «Тазы» атауы парсы тілінен енген, мағынасы – «шапшаң», «епті».
Осындай баға жетпес сыйлық үшін Президентімізге алғыс айтамын! Тазының атын «Ғарышкер» деп атадық», – деп жазды ол өз парақшасында.
Президенттің сыйлығына Димаштың ерекше қуанып, риза болғанын айта кеткен жөн. Жалпы, қазақтың тазы тұқымын әлемдік деңгейде насихаттауға Димаштың үлкен үлес қосары сөзсіз. Жер-жаһанды жауһар өнерімен тәнті еткен күміс көмей, жез таңдай дарынды ұл ұлтымыздың дәуірлерден жеткен құндылықтарын дәріптей түсіп, дүниежүзіне даңқын жаймақ. Бұл да болса Мемлекет басшысы айтып жүрген креативті индустрияның бір үлгісі деп бағалауға болады. Димаштың бұл қуанышына халық та қуануда. Оны осы жаңалыққа жазып қалдырған тілектес комментарийлерден көруге болады. Желі қолданушыларының бірі: «Бұл жерде Димаш қолға алған іс нәтижесін беретінін ескеріп, дүниежүзіндегі беделін пайдаланып, қазақтың тазысын да жарнамалап, танытсын деген Президенттің ішкі ойы бар деп есептеймін. Сондықтан бұл мемлекеттік тапсырма деп қабылдап, Димашжан қазақтың тілі, домбырасы, өнері мен бірге тазысын да, әдет-ғұрпын да насихаттайтын болады» деп жазса, енді бірі: «Қазақ «құмай тазысы» алғыр келеді. Еліміздің осы тазысына таласып жүргендер көп. Сондықтан Димаштың ұлттық құндылықтарымызды әлемге паш еткені керек. Дұрыс сыйлық! Құтты болсын!» деп тілегін білдірген.