Бүгінде Түркістан облысына мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға тұ­рақты қолдау көр­се­тіліп келеді. Сон­дай-ақ облыс бас­шысы Дархан Сатыбалды жергілікті кәсіпкерлер­мен жиі кездесіп, ашық диалог ор­натып тұрады.
Тіршілігі түрленген Түркістан
554
оқылды

Дархан Сатыбалды өз үйінің аула­сында кәсібін дөңгелетіп отырған түркіс­тандықтармен кездесті. Атап айтсақ, өңір басшысы Түркістандағы орта және шағын кәсіпкерліктің дамуына үлес қосып келе жатқан өндіріс орындарында болып, кәсіпкерлермен пікірлесті. Жұ­мыс барысымен танысып, кәсіпке ке­дергі келтіретін факторларды да талқы­лады.

Түркістан – рухани қала, сондықтан туристік бағытпен немесе зиярат жасап келетіндердің қатары мол. Сол себепті мұнда қолөнер бұйымдарына сұраныс көп, тұтынушы талғамы да артқан. Кәдесыйлар жасап шығаратын жергілікті кәсіпкерлер Түркістан қолөнерін дамы­туға үлес қосып келеді. Мұнда жылына 1 000 дана бұйым шығарылады. Кәсіп­керлер соңғы уақытта қазақи нақыштағы ұлттық қолөнер бұйымдарына сұраныс артып келе жатқанын, алдағы уақытта кәсібін кеңейтуды жоспарлап жатқан­дарын тілге тиек етті. Кәсіпкер тек жас­тар арасында бұл кәсіппен айналысуға деген қызығушылық аз екенін айтты.

 Мәселен, облыс әкімі табан тіреген «Қанібекова» ЖК темір және ағаш есік шығарумен айналысатын цех жылына 6 000 дана есік жасап шығарады. Белгілі болғандай, мұнда 20 адам тұрақты жұ­мыс­пен қамтылған. Тапсырыс тұрақты түсіп отырады.

Бұдан бөлек, облыс әкімі «Сауран» тұрғын үй алқабында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Жауапты мамандармен кездесіп, тұрғындар өті­нішіне құлақ аса отырып, бірлесе жұмыс істеуді міндеттеді.

Облысы әкімі Дархан Сатыбалды шағын, орта және ірі бизнес өкілдерімен де кездесті. Бұл жолы Түркістан қаласын­да бизнесін дамытуға ниет білдірген Алматы, Қарағанды облыстарынан арнайы келген кәсіпкерлер де қатысты. Сондай-ақ туризм, агроөнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі және басқа салалардан 50-ге жуық кәсіпкер жиналды. Мемлекеттік органдардың өкілдері де қатысып, ұсы­ныс­тарды тыңдады. Бизнес өкілдері қор­даланған мәселелері мен жаңа ұсы­ныс­тарын айтты. Ашық және емін-еркін форматта өткен басқосуда кәсіпкерлерде өз ойларын ортаға салды. Бизнес өкіл­дерінің сөзін тыңдаған облыс басшысы кәсіпкерлерге қай кезде де қолдау көрсетілетінін жеткізді. 

– Кәсіпкерлердің жеке бастамасына барынша қолдау көрсету қажет. Біз мемлекет пен бизнес арасында жаңа қа­рым-қатынас орнатып, тиімді диалогтің негізгі арнасына айналуымыз керек. Түркістан өңірін кәсіпкерлік орталығына айналдыруға мүмкіндік мол. Біз өз тара­пымыздан зауыт, өндіріс орны, жұмыс орнын ашуға ниет білдірген кә­сіпкер­лер­ге барынша қолдау көрсетеміз. Ин­фра­құрылым, жер, құжаттандыру және өзге де түйткілдер бойынша көмек беру мәселесін талқылауға дайынбыз. Об­лыс­ты дамытудың басым бағыты – кәсіпкер­лікті дамыту. Осылай ғана елдің әл-ауқатын, өңірдің экономикалық әлеуетін көтере аламыз, – деді Дархан Сатыбалды.

Кездесуде бизнес өкілдері жаңа ұсы­ныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, көкөніс өнімін сақтайтын қойма иелері жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын жаңа 3 көкөніс қоймасын салуға дайын. Қара­жаттың 20%-ын өз қаражаты есебінен, 80%-ын несие ретінде қарастыруды сұрайды.

Құрылысқа қажетті қоспаларын өн­діру­мен айналысатын инвестор өндіріс­тік аймақтан тағы да жер учаскесі және қолдау қаражатын қарастырып берген жағдайда кәсіпорын салуға дайын екенін жеткізді. Зауыт Түркістан қаласындағы «Түркістан» индустриалды аймағында орналасқан. Ал полипропилен және термо қаптар, көкөністерге арналған тор, полиэтилен өндіретін цех басшысы бизнесін дамытуды көздейді. Ол үшін осы жобаны облыс орталығында жүзеге асыруға қолдау сұрады.

3D темір тор жасау цехының өкілі де өз ұсынысын айтты. Жылына 180-300 тонна өнім шығаратын зауытқа қолдау көрсетілсе, «Түркістан» индустриалды аймағынан цех ашпақ. Темір және ағаш есік шығару цехының басшысы да кәсіпорнын кеңейту туралы ұсыныс айтты. Сонымен бірге ағаш өнімдерін өңдеу цехының басшылығы да жаңа цех ашпақ. Олар жалпы құны 0,4 млрд теңге тұратын ағаш өңдеу цехын салуға ниет­теніп отыр. Қаржының 20%-ын өз қара­жаты есебінен, 80%-ын несие ретінде қарастыру жөнінде өтініш айтты.

Кездесуде осы және өзге де өтініштер, мәселелер айтылды. Ұсыныстар бақы­лауға алынып, тиісті жұмыс жүреді.

Тельман БЕЙСЕН,

Түркістан облысы