Ресей президенті сұхбатта не туралы айтты?
Путин Астанаға сапары алдында қазақстандық басылымға сұхбат берді
1,117
оқылды

9 қарашада жұмыс сапарымен Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Қазақстанға келеді. Сапар қарсаңында РФ Президенті «Казахстанская правда» газетіне сұхбат беріп, Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың дамуы жөнінде айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Алдағы кездесуде екі елдің басшысы Қазақ-Ресей стратегиялық әріптестігін дамытудың өзекті мәселелерін талқыламақ. Сондай-ақ президенттер өңіраралық ынтымақтастықтың кезекті форумына қатысады.

Ресей президенті сұхбатта не туралы айтты?

  • Қазақстан-Ресей арасындағы тауар айналымы өткен жылы 10,2 пайызға өсіп, рекордтық көрсеткішке – 28,2 миллиард долларға жетсе, биылғы қаңтар-тамызда тағы 7,6 пайызға өсіп, 18,9 миллиард долларға жетті;
  • Ресей Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарын газдандыруда көмектесуге дайын. Бұл туралы Қазақстан үкіметі мен «Газпром» қол қойған газ саласындағы ынтымақтастықтың жол картасында бар;
  • Екі елдің жасыл энергетика саласындағы ынтымақтастығы өзекті. Қазақстан мен Ресей 2060 жылға қарай парник газдары шығарындыларын нөлдік эмиссияға дейін жеткізуді жоспарлап отыр;
  • Жайық өзенінің экожүйесін сақтау, биосфераны қалпына келтіру мақсатында екі ел арасында бірлескен жобалар жүзеге асып жатыр.

Сонымен қатар, Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевпен қандай қарым-қатынаста екеніне ерекше тоқталып өтті.

«Қасым-Жомарт Кемелұлымен бірден шынайы дос болып кеткенімізді, жақын қарым-қатынас орнатқанымызды бірнеше рет атап өттім. Бұл таңғаларлық жағдай емес. Біз бір уақыттың адамдарымыз және өз мемлекеттеріміз үшін барлық жауапкершілікті бірдей сезінеміз. Біз азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыру үшін қолайлы орта қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін істейміз.

Үнемі байланыстамыз, әртүрлі форматтарда кездесеміз – екіжақты күн тәртібі бойынша да, көпжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша да. Мұндай байланыстар Ресей-Қазақстан арақатынасының деңгейін толық көрсетеді.

Ең бастысы, біздің халықтарымыз әрқашан тату көрші және шынайы дос болған және болып қала береді. Сенім, өзара түсіністік пен көпқырлы табысты ынтымақтастықтың баға жетпес дәстүрлерін нығайта отырып, біз басқаларға үлгі болатын мемлекетаралық байланыстың озық үлгісін сәтті жүзеге асыратынымызға сенімдімін. Сондықтан әлемде қандай жағдай болса да, мен одақтастық қарым-қатынастарымыз бен интеграциялық әріптестігіміздің болашағына сеніммен қараймын», – деді Путин.