«AMANAT» фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы энергия жабдықтаушы ұйымдардың жұмысында электр энергиясын бірыңғай сатып алушы моделінің енгізілуіне байланысты орын алып отырған жағдайлар бойынша анықтама беруді сұрады. Осы мәселе бойынша Мәжіліс депуаты Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке сауал жолдады.
2023 жылғы 1 шілдеден бастап электр энергиясын бірыңғай сатып алушы моделі іске қосылған болатын.
«Электр энергиясы нарығындағы аталған өзгеріске сәйкес, көтерме тұтынушылар өздерінің тәуліктік сұранысын әрбір сағат бойынша жоспарланған көлемін айқындап, алдын ала өтінім беру арқылы сатып алуға тиіс.
Ал, осы субъектілердің сұраныс пен тұтыну арасындағы теңгерімінің шығыстары әрбір есептік кезеңнің қорытындысы бойынша анықталады. Электр энергиясының көтерме сауда нарығындағы әрбір субъекті өзінің теңгерімсіздіктері үшін жауапты. Осындай теңгерімсіздіктерді сатып алу бағасы жоспарлы сатып алынған электр энергиясы құнынан әлдеқайда қымбаттау болады», – деді депутат.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында еліміз үшін азық-түлік қауіпсіздігінің маңыздылығына және агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға ерекше тоқталған болатын. Атап айтқанда, ең маңызды азық-түлік өнімдерімен еліміздің ішкі нарығын өзі қамтамасыз ете алатын жағдайға жету керектігін тапсырды.
«Елімізде өнеркәсіптік жылыжай шаруашылығы айтарлықтай дамып келеді. Ресми деректерге сәйкес, соңғы үш жылда жылыжайлардың алаңы 31,7 гектарға ұлғайып, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 218,9 гектарды құрады.
Жылыжайлар жұмысының рентабельдігі және өндіретін өнімнің өзіндік құны электр энергиясының бағасымен айқындалады. Сондықтан электр энергиясы нарығындағы өзгерістер шаруашылықтарға тікелей әсер етеді.
Бұлардың барлығы да жылыжайлардың электр энергиясын тәуліктік тұтыну мөлшерін әрбір сағат бойынша нақты жоспарлауын, оны қадағалап отыратын диспетчерлік орталық құру қажеттігін туындатады. Ал, мұның барлығы қосымша шығыстарды талап етеді. Сондықтан, өндірістік процестердің ерекшеліктеріне байланысты (электр энергиясын тұтыну ауа райына, яғни күн сәулесінің түсу ұзақтығына) электр энергиясын тұтыну мөлшерін дәлме-дәл болжау мүмкін еместігін алға тартады. Осының салдарынан ай сайынғы теңгерімсіздіктер орын алады, сондай-ақ күнделікті алдын-ала төлемдер банктік комиссиялар шығындарының көбеюіне алып келеді. Мұның барлығы да электр энергиясына жұмсалатын шығындарын арттырып және электр энергиясын сатып алудың осындай жаңа моделіне көшу электр энергиясын тұтыну құнының екі есеге қымбаттауына әкеп соқтырған. Бұл, өз кезегінде, өндіретін өнім бағасының қымбаттауына негіз болуда», – деп атап өтті Ж.Амантайұлы.
Депутаттың айтуынша, осындай қиындықтарға электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектісі болып табылатын электрмен жабдықтаушы ұйымдар да (бұдан әрі – ЭЖҰ) тап болып отыр.
«Электрмен жабдықтаушы ұйымдардың көпшілігінде, дәлірек айтсақ, Астана қаласындағы бірде-бір ЭЖҰ-да электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі болмағандықтан, олар сағат бойынша тұтыну мөлшерін жүктеменің өңірлік бейініне (региональный профиль нагрузки) сәйкес анықтайды. Яғни, олардың айтуынша, ЭЖҰ өзінің нақты теңгерімсіздігі үшін емес, өңірдегі белгілі уақыт аралығында қалыптасқан теңгерімсіздік үшін жауап береді. Себебі, өңірде орналасқан электрмен жабдықтаушы ұйымдардың бірқатары белгілі бір уақыт аралығындағы өздерінің нақты тұтыну мөлшерінен аз көлемге, ал кейбіреулері керісінше – артық көлемге тапсырыс берді. Осылайша, өңір бойынша ортақ теңгерімсіздік мөлшері анықталады. Алайда, әрбір энергия жабдықтаушы ұйымға өңірдегі оң және теріс теңгерімсіздіктердің айырмасы ескерілмей, оларды сату-сатып алу бойынша шоттар берілуде.
Жоғарыда айтылғандар негізінде, Сіздерден:
1. Бірқатар энергия жабдықтаушы ұйымдардың жұмысында электр энергиясын бірыңғай сатып алушы моделінің енгізілуіне байланысты орын алып отырған жағдайлар бойынша анықтама беруіңізді;
2. Жылыжайлар сияқты өндіріс ерекшеліктеріне байланысты электр энергиясын тұтыну мөлшерін алдын ала болжау мүмкін емес субъектілер үшін теңгерімсіздіктер үшін айыппұлдар қолданудың негізділігін түсіндіруді сұраймын», – деді депутат.