Аталған әйелге алданғандардың жалпы шығыны 30 миллиард теңгені құрайды.
"ҰҚТ болуы мүмкін": Халықты 30 миллиард теңгеге алдаған әйел жарнама үшін өнер адамдарын пайдаланған
2,590
оқылды

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев өзіне жүздеген азамат хабарласып, Арайлым есімді әйелге алданғандарын айтып, көмек сұрағанын айтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.

Оның айтуынша, аталған әйелге алданғандардың жалпы шығыны 30 миллиард теңгені құрайды.

«Лақап аты – Айс Мұратова. Шын аты – Арайлым. Соған адамдар реквизиттерге аудара берген. «Мұнда Қытайдан арзан тауар әкеліп беремін, сонда зауытта жүрмін, ыдыс-аяқ фабрикасында жүрмін» деген. Содан үйде отырған аналар, кейбір кәсіпкер әйелдер – барлығы алданып қалған. Басында тауарларды жіберген. Одан кейін жоқ болып кеткен. Барлық чекті жинағанда, сома 30 миллиардтан асады. Тіпті адамдар 5 мыңнан 10 мыңға дейін алданған болуы мүмкін. Мұны адамдар бір-біріне, таныстарына айтып, «сарафанмен» тараған. Тіпті кейбір жерде өзін жарнамалауға өнер адамдарын да пайдаланған. Олар оны әлеуметтік желіде жарнамалаған. Солай адамдардың сеніміне кіріп алған», – деді ол.

Депутаттың айтуынша, оның қолында аталған әйелге алданған адамдардың үш пакет арызы мен дәлелдері бар. Ол тараптар келісімшарт жасаспағанын, бірден ақша аударымдарын жасағанын атап өтті.

«Адамдар арыз жазса да, ешқандай сот процесі болмай отыр. Полиция «үйқамаққа алу керек» деген шешім шығарған. Бірақ ол үйінде бар ма, жоқ па, адамдарда күмән бар. Себебі оның емізулі баласы болуы мүмкін. Сол негізде үйқамақ деген шешім шыққан болуы мүмкін. Бірақ бұл мәселе назардан тыс қалмау керек», – деді Дәулет Мұқаев.

Мәжілісменнің сөзінше, мұнда тек бір адам емес, бірнеше адам, яғни ұйымдасқан қылмыстық топ болуы мүмкін.

«Бұл жерде тіпті 1% комиссия алып отырған. Мысалы, алпыс мыңның тауарына алты жүз теңге комиссия алған. Басқа топ та болуы мүмкін. Арайлымның да атын пайдаланып алып отыр ма деген сұрақ туындайды. Мұның барлығына тергеу жұмыстары жүргізілуі керек. Әділ тергеу жүруі керек», – деді ол.

Депутат осындай жағдайлардың кесірінен отбасында дау-дамай туындап, ажырасып жатқан адамдардың бар екенін атап өтті.

Коллаж: Qaz365.kz