«Кітап-AMANAT» жобасы аясында «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалында кітап орталығының ашылу салтанаты өтті.
«AMANAT» мүшесі Ақсу қаласында кітап орталығын ашуды жоспарлап отыр
680
оқылды

Бүгін «Кітап-AMANAT» жобасы аясында «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалында кітап орталығының ашылу салтанаты өтті.

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда ұлттық мүддеге сай келетін кітаптар басып шығаруға ерекше назар аударған еді. Ол кітап шығару ісі идеологиялық жұмыстың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Осы орайда, «AMANAT» партиясы халықтың отандық әдебиетке, оқу мәдениетіне деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ қазақстандық қаламгерлер мен баспаларды қолдау мақсатында «Кітап-AMANAT» жобасын қолға алды. Мәселен, бүгін Павлодар қаласында партияның өңірлік филиалында осындай 4-ші кітап орталығы ашылды.

«Бұл – өте маңызды мәдени-әлеуметтік жоба. Партия филиалдарында осындай кітап орталықтарын ашу арқылы оларды руханият орталықтарына айналдыруды көздеп отырмыз. Адамдар партияға өз мәселесін шешу үшін ғана емес, рухани баю үшін де келіп, отандық авторлардың ең озық кітаптарымен таныса алады. Жергілікті ақын-жазушылардың қолдауымен кітап клубы павлодарлықтардың сүйікті орнына айналатынына сенімдімін», – деді партия Хатшысы Шолпан Каринова.

Кітап клубындағы жайлы орта ашылу салтанатына келген азаматтарды да бей-жай қалдырмады. Облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Александр Толмачев игі істі жалғастыруға ниет білдіріп, Ақсу қаласындағы ірі сауда ойын-сауық орталығында «Кітап-AMANAT» оқу залын ашуға уәде берді.

«Шығармашылық үдерістен ерекше әсер алып отырмын және осы мүмкіндікті пайдалана отырып, «Aqsu Mall»-да оқу залын ашқым келеді. Бұл қадам сауда орталығына келушілер үшін тартымды формат болатынына сенімдімін. Кітап халыққа қолжетімді бола түседі», – деді ол.

Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Серік Елікбай, Торайғыров университетінің ректоры Еркін Садықов және Margulan University ректоры Жанбол Жилбаев «Кітап-AMANAT» бастамасын қолдап, оң пікір білдірді.

«Жоба рухани және ағартушылық мәнге ие. Орталыққа өз үлесімізді қосу мақсатында біз алаш қайраткері Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 165 жылдығына орай университет ғалымдарының авторлығымен шығарылған алты томдық жинақ ұсынуды ұйғардық», – деді Еркін Садықов.

Павлодарлық жазушылар Ғалымбек Жұматов, Александр Вервекин және Ертіс өңіріндегі өзге де танымал қаламгерлер өз кітаптарын сыйға тартты.

«Бүгінде өте көп кітап басылып шығады. Жастар тек классикалық шығармаларды оқып қана қоймай, психология, кәсіпкерлік, тарихпен байланысты еңбектермен танысуда. Орталықтың кітап қоры үнемі толықтырылып, тұрғындар сұранысына ие болуын тілеймін», – деді География үйінің директоры, журналист Александр Вервекин.

Павлодар қаласында ашылған «Кітап-AMANAT» кітап орталығына мыңға жуық кітап келіп түседі деп күтілуде. Еске сала кетейік, бұған дейін осындай орталықтар Астана, Алматы қалалары мен Жамбыл облыстарында ашылды.