Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік белді басылымдардың бірі «Известия» газетіне көлемді сұхбат берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
"Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың тарихы бай және болашағы жарқын" деп аталатын мақалада Мемлекет басшысы қазақ-орыс қатынасынан бастап, халықаралық ушыққан геосаяси ахуалға дейін сөз қылып, әлемде қай кезде тепе-теңдік орнайтынын айтқан. Әрі атом электр станциясына қатысты ойын жеткізіп, екі ел арасындағы логистикалық, экономикалық, инвестициялық әлеуетті арттыру жайын сөз еткен. Тіпті мәдениет және білім салаларындағы ықпалдастық жайы талқыланып, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз қандастар көп тұратын Ресей облыстарында қазақ мектептерін ашуға мүдделі екенін жеткізген. Әрі Ресей Презиентінің ертең елімізге жасайтын ресми сапарына тоқталған.
"Ресей Президентімен Астанада өтетін алдағы кездесудің күн тәртібі өте ауқымды. Біз екіжақты саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелерін жан-жақты талқылаймыз деп жоспарлап отырмыз. Халықаралық ұйымдар мен интеграциялық құрылымдар аясындағы байланыстардың аспектілерін де қарастырамыз. Әлемдегі ахуалдың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары жөнінде пікір алмасамыз. Сонымен қатар Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысамыз", - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.