Қазақ эстрадасына Kalifarniya лақап атымен танымал Фархат Қали алғаш рет әйелі туралы ашық сұхбат берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Stan.kz-тің жазуынша, осы жылдың шілде айында шаңырақ көтерген әнші отбасылық өмірдегі қиындықтарын да айтты.
“Анелямен алты ай қыз-жігіт болып жүрдік. Әндеріме би қойылымын қояды. КВН ойыншысы болған. Ешкімге жария етпей, “жасырын” жүрдік. Бос сөзге қалғымыз келмеді. TikTok желісіне видео түсіру одан сайын жақын танысуға мүмкіндік берді”, – деп еске алады әнші.
Өнер иесінің алғаш жаздырған “Qar” әні тыңдарманға кеңінен таралған. Туындысы хитке айналған тұста жұлдыз ауруына шалдыққанын жасырмады.
“Анелямен алғаш танысқан күндері “Qar” әні хит болды. Көрерменнің ерекше ықыласы адамның ойын бұзады екен. Жұлдыз болып ұзақ уақыт хабарласпай қалған кезім де болған. Шақырту мен гастрольдік сапар өте көп болды. Сол кезде мен үшін алаңдап, үнемі тілекші болып отыратын”, – дейді ол.
Болашақ жарының шын ниетін сезген әнші үйленуге бірден ұсыныс жасаған.
“Осы қызға үйленемін деген нақты ойдың келгені де есімде. Бір күні достарым мейрамхана ашып, қонаққа барғанда Анеля да жүр екен. Адамдарға көмектесіп жүрген, ашық-жарқын бейнесі көзімнен өтіп, жүрегіме жетті. Содан бері әлі ғашық болып келемін. Менің жұмысы – сахнаға шығу. Қалған тірліктің бәрі Анеляның мойнында. Тіпті, менің артық салмақ жинап қоймауымды да бақылап отырады”, – дейді жас отағасы.
Калифарнияның жас отбасыларға айтар кеңесі де аз емес.
“Үйленгелі сағат он екіден кейін үйде болуға тырысамын. Өнер адамы бола тұра, отбасым алғашқы орында. Әйеліммен көбірек сырласамын. Оны көп тыңдаймын, естимін. Жас үйленген жұбайлар бірге көбірек уақыт өткізу керек деген ұстанымдамын”, – дейді әнші.