Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы жобаларды іске асыру барысы талқыланды. Сондай-ақ сенаторлар ЕАЭО аумағындағы аудиторлық қызмет туралы заңды қарап, мақұлдады.
Аудиторлық қызмет туралы келісім ратификацияланды
464
оқылды

«Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде аудиторлық қызметті жүзеге асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қызмет көрсетудің ортақ талаптары мен тәсілдерін және ішкі мемле­кеттік реттеудің ерекшеліктерін айқындайды.

Келісім Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің аумағында аудиторлық қызметтердің бірыңғай нарығын қамтамасыз етуді көздейді. Заң нормалары мүше мемлекеттердің өзара тиімді және тең құқылы ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға да ықпал етеді деп күтіліп отыр.

Сонымен қатар іс-шара барысында палатаның өткен аптадағы отырысында сенатор Сүйіндік Алдашев жолдаған депутаттық сауалға Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың ауызша жауабы тыңдалды. Бұл сауалда Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы 15 ірі серпінді жобаны іске асыру мәселесі көтерілген болатын.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, ел Президенті белгілеп берген жаңа экономикалық бағдар еліміз­дің қуатты өнеркәсіптік негізін қалап, ішкі сұра­нысты толық қамтамасыз ететін экономика қалып­тастыруды көздейді.

«Жолдау аясындағы 15 ірі серпінді жобаны са­палы іске асыру еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында үлкен маңызға ие. Бұл мәселе кешенді тәсілдерді және тыңғылықты талдауды қа­жет етеді. Сондықтан бүгін айтылған ұсыныстардың бәрі назардан тыс қалмауы керек. Сенат алдағы уақытта да аталған маңызды жобаларды іске асыруға заңнамалық тұрғыда қолдау көрсетуге дайын», – деген Мәулен Әшімбаев отырысқа қатысушыларға бірлескен белсенді жұмыс үшін алғыс білдірді.

Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады.

Андрей Лукин «Болашақ» бағдарламасының іске асырылу барысына жетекшілік ететін Халықаралық бағдарламалар орталығының жұмысын сынға алды. Депутаттың пікірінше, орталықта қаржы мони­то­рингі жүйесі тиісті деңгейде құрылмаған. Бұл грант­тарды ұтымсыз пайдалануға, сондай-ақ оларды жым­қыруға әкеп соғады.

Геннадий Шиповских қаржы пирамидаларынан зардап шеккен қазақстандықтар санының көбеюіне алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты депутат азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру жөніндегі жұмысты күшейтуге шақырды.

Сәкен Арубаев гидротехникалық нысандардың тозуына қатысты проблемаларға тоқталды. Сенатор қараусыз қалған және жекеменшіктегі нысандардың жай-күйіне ерекше назар аударып, оларды «Қазсу­шар» мемлекеттік мекемесінің бақылауына қайта­руды ұсынды.

Жанболат Жөргенбаев ұлттық білім беру жүйе­сіндегі мәселелерге тоқталып, оларды шешу шара­ларын және қажетті заңнамалық өзгерістерді атап өтті.