Депутаттардың талқылауына резервтегі қызмет мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарау ұсынылады. Заң жобасында әскери қызметтің жаңа түрі – аумақтық қағидаты бойынша (тұрғылықты жері) келісімшарт негізінде қызметтің ерікті түрі болып саналатын резервтегі қызмет енгізіледі. Ұсынылған түзетулер әскери бөлімдерді адам ресурстарымен кепілдендірілген қамтамасыз етуге және жауынгерлік іс-қимылдарға дайын резервтік күштер құруға бағытталған.
Сонымен қатар депутаттар алдағы жалпы отырыста «Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлар рәсіміне қатысты факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарайды. Хаттамада конвенцияда бекітілген бала құқықтары бұзылған жағдайларда жеке шағымдарды қарау тетіктері белгіленеді. Бұл ел азаматтарының өз мүдделерін халықаралық заңнама аясында қорғауды қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және арнаулы мемлекеттік органдардағы қызмет мәселелері бойынша түзетулер екінші оқылымда қаралады.
Мәжіліс комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алады. Олар: зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімге толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау, спорт бағытындағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы.