Биыл күзде «KEGOC» акционерлік қоғамының SPO айналымына шыққанын осындай қаржы нарығындағы жылдың басты оқиғасы деп бағалауға болады.
Сарапшылар бұл жаңалыққа әп дегеннен-ақ үлкен қызығушылық танытқан болатын. Қаржы нарығынан хабары бар қазақстандықтар да қалыс қалмады. Өйткені мемлекеттік үлестің бәсекелес ортаға берілуі – ондағы компанияның қарым-қабілетіне қарай қоғамда сұраныстай дүмпу мен дүрлігіс тудырып жататыны бар. Бұл жолы да солай болды. Еліміздегі ірі энергетикалық компания SPO шеңберінде өзінің болашақ үлес ұстаушыларына 15,3 миллион жай акция ұсынды. Бұл компанияның орналастырылған жай акцияларының жалпы санының шамамен 5,6 пайызын құрайды. Нәтижесінде, «Самұрық-Қазына» АҚ-на тиесілі акциялардың үлесі «KEGOC» акцияларының жалпы санының кемінде 85 пайызын құрап отыр.
Сонымен, сауда-саттық кезеңі аяқталды. Кеше, 10 қараша күні, «Астана» халықаралық қаржы орталығының Astana International Exchange (AIX) биржасында SPO шеңберінде орналастырылған «KEGOC» акцияларын қайталама сауда-саттыққа шығару рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов және «KEGOC» АҚ Басқарма Төрағасы Нәби Айтжанов қатысты. Сұраныс жоғары болады деп болжанғандай-ақ осы жиында ұйымдастырушылар ауызынан күткен жаңалықтарды естідік. SPO қорытындысы бойынша, «KEGOC» АҚ-на инвесторлардан жалпы сомасы 34,8 млрд теңгеден асатын 50 мыңнан астам өтінім келіп түскен екен. Бұл көрсеткіш орналастыру жоспарынан 1,5 есеге көп екені бірден көңіл аудартты. Міне, осы жиналған өтінімдерді талдау нәтижесінде жалпы сомасы 22,6 млрд теңгеден асатын өтінімдерді қанағаттандыруға шешім қабылданған. Бұл – жарияланған акциялардың шекті санымен сәйкес сома. Өзінің кіріспе сөзінде мұны Ұлттық әл-ауқат қорының басшысы да атап өтті.
«Бұл сауда-саттық іс-шарасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында қабылданған «Жекешелендірудің 2021–2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына» сәйкес өткізіліп отыр. Қазақстан азаматтары «KEGOC» SPO-сына үлкен қызығушылық танытып, 15 млрд теңгеден асатын сомаға 10 миллионнан астам акция сатып алуға өтінім берген. Бұл Қордың IPO/SPO шеңберінде ұсынатын ірі ұлттық компанияларының инвестициялық мүмкіндіктеріне деген халықтың жоғары қызығушылығын көрсетеді. SPO – KEGOC компания акцияларының өтімділігін арттырудың маңызды факторы. Оның нәтижелері бойынша еркін айналымдағы компания акцияларының үлесі 2,7 пайыздан 8,1 пайызға артты», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.
Ал «KEGOC» АҚ Басқарма Төрағасы Нәби Айтжанов өз кезегінде компанияның мінсіз дивидендтік тарихы бар екенін, ал жаңа бастама алдағы жоспарларды жүзеге асыру үшін қосымша серпін беріп отырғанын атап өтті. Акционерлік қоғам басшысы бұл жолы да нарық артқан сенімді ақтап шығатынына ниетті әрі сенімді екенін айтады.
«Бүгінгі сауда-саттық рәсімін аша отырып, өзім басшылық ететін KEGOC менеджментінің SPO-дан кейінгі акционерлермен жұмыс істеу жоспарларына тағы да тоқталып өткім келеді. Бірінші, біз инвесторлардың инвестицияларын сақтау және көбейту үшін аянбай жұмыс істейтін боламыз. Екіншіден, отандық энергожүйені дамытуға және оның қауіпсіздігіне бағытталған барлық жүйелік жобалар жүзеге асырылмақ. Біздің жоспарларымыздың өте маңызды үшінші тармағы – миноритарлық акционерлердің мүдделері, яки әрбір стратегиялық шешім қабылдаған кезде олардың дауыстары ескерілмек. Ал ең бастысы, біз осы жылдар бойы қалыптасып келген ашықтық ұстанымын сақтайтын боламыз», – деп атап өтті «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов.
AIX-тің мәліметтері бойынша, бұл жолғы SPO-ға қатысушылардың басым бөлігі шамамен 40 жастағы инвесторлар екен. Оның ішінде ер азаматтар мен әйел азаматтардың үлесі бірдей. Биржаның Tabys қосымшасы арқылы келіп түскен онлайн өтінімдердің максималды сомасы 11,8 миллион теңгені, яки 8 мың акцияны құрапты. Өтінімдер букбилдингтің соңғы минутына дейін қабылданып, өңделіп отырған. Осы ретте AIX Басқарма Төрағасы Әсел Мұқажанова биржаға ұлттық компанияларды орналастыру және инвесторларды тарту ыңғайлы технологиялық шешімдер арқылы жүзеге асатынын атап өтті. Соның ішінде Tabys қосымшасы және банктермен мобильді интеграция жасау арқылы қолайлы жағдайлар туғызуға үнемі мән беріледі.
«Бүгінде инвестиция салу үшін смартфоныңыз ғана болса жеткілікті, яки интернетке қосылып, банктен есеп-шот ашасыз. Онлайн түрде инвестиция салу, бұл – AIX биржасы тудырып отырған жаңа мүмкіндік. Осы тұрғыдан алғанда біз алда келеміз, әрі оны одан әрі дамытуға ұмтылатын боламыз. «KEGOC» SPO-сы кезінде онлайн өтінімдердің рекордтық саны орнықты. Жалпы сомасы 2,2 миллиард теңге болатын 11 мыңнан астам өтінім келіп түсті. Біз бөлшек саудадағы инвесторлардың AIX-ке және біз ұсынатын құралдарға деген сенімі уақыт өткен сайын артып келе жатқанына өте қуаныштымыз», – деді Әсел Мұқажанова.
Спикерлердің айтуынша, SPO-дан түскен қаражат еліміздегі Бірыңғай электр энергетикалық жүйенің Оңтүстік аймағындағы желілерін күшейту жөніндегі «KEGOC»-тың ірі инвестициялық жобасын іске асыруға бағытталмақ екен. Жоба шеңберінде ұзындығы жалпы 475 км болатын 500 кВ-тық «Шу–Жамбыл–Шымкент» бағытындағы екі электр жеткізу желісі салынып, 500 кВ-тық үш электр қосалқы стансасы кеңейтілетін болады. Бұл – электр энергиясын тұтынудың болжамды өсуіне байланысты Оңтүстік аймақ тұтынушыларын электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға, сондай-ақ негізінен Оңтүстік аймақта шоғырланған жаңармалы электр көздерінің (ЖЭК) ірі нысандарынан қуат алуды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін стратегиялық маңызды жоба. Осылайша, листинг рәсімі барысында «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «KEGOC» АҚ Басқарма Төрағасы Нәби Айтжанов сауда-саттықтың басталғанынан нышан беретін алтын түймешені басып, биржалық тетікті іске қосты.
Нұрлан ҚОСАЙ