Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлт­тық экономика министрі Әлібек Қуанты­ровты қабылдады. Мемлекет басшысына еліміздің биылғы 10 айдағы әлеуметтік-эко­номикалық дамуының алдын ала нәти­желері туралы есеп берілді.
Президент Ұлттық экономика министрін қабылдады
1,069
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2023 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 5 пайыз көлемінде болады деген болжам жасалып отырғаны жөнінде баяндалды. Бірінші жарты­жылдықта шетелден тартылған тікелей инвестиция көлемі 13,3 миллиард долларға жетті. Жылдық ин­фляция 2 есе, яғни 10,8 пайызға дейін (ақпан айында 21,3 пайыз) төмендеді.

Әлібек Қуантыров жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 36,4 пайызға жеткенін мәлімдеді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Шағын және орта бизнес өндірген өнім көлемі 28 трил­лион теңгеден асты. Бұл салада 4,3 миллион адам жұмыспен қамтылған. Биыл 9 мың жобаға суб­сидия берілді. Несиенің жалпы көлемі – 669 миллиард теңге.

Мемлекет басшысына бизнесті тексеру ісін 2 есе азайту үшін кәсіпкерлік саласына жаңа реттеу саясаты енгізілетіні туралы мәлімет берілді. Мін­детті талаптар реестрі жасалып, сын-қатерлерді басқару жүйесі автоматтандырылады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңа Бюджет және Салық кодекстерінің әзірлену барысы, сондай-ақ инвестициялық саясат, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту шаралары туралы айтылды.

Бұдан бөлек, Ұлттық экономика министрі «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарлама­сының жүзеге асырылуы жөнінде баяндады. Атап айтқанда, биыл 267 миллиард теңге инвестиция тарту, 5,8 мың шақырым желіні жөндеу, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласы қызмет­кер­лерінің жалақысын 50 пайызға көтеру, желілердің тозу деңгейін 3,2 пайызға азайту жоспарланып отыр.

Президентке Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының іске асырылуы жайында мәлімет берілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы іске қосылғалы бері республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі 7 есе артты. Биыл 771 ауылда 1,8 мың жобаны орындау жоспарланып отыр.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы және орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, сондай-ақ реформаларды тиімді жүргізу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.