Минскіде ҰҚШҰ-ға мүше елдер аймақтағы әскери-саяси жағдайға байланысты пікір алмасады. Бұл туралы Сыртқы істер ми­нистрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров апталық брифингте айтты.
Минскіде маңызды кездесу болады
721
оқылды

«22 қарашада Минск қаласында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің, Қорғаныс министрлері кеңесінің және Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің бірлескен отырысы өтеді. Аталған іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Нұрдәулетов және Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қатысады. Отырыс барысында ҰҚШҰ-ның Ұжымдық қауіп­сіз­дік аймақтарындағы әскери-саяси жағдай және сессияаралық кезеңдегі ұйым қызметі туралы пікір алмасу жоспарланған», – деді Айбек Смадияров. 

Отырысқа қатысушылар ұжымдық қауіпсіздік жүйесін дамытудың түрлі мәселесі бойынша шешім қабылдайды және бірқатар саяси мәлімдеме жасамақ. Сондай-ақ Минск қаласында жоспар­ланған Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы барысында Мемлекет басшыларының қарауына шығарылатын құжаттардың жобаларын мақұлдайды деп күтіліп отыр. 

«2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ұйымға төра­ғалық Қазақстан Республикасына өтеді. Сондықтан Минскіде өтетін бірлескен отырыста М.Нұртілеу келесі жылы осы ұйымдағы Қазақстан қызметінің басым бағыттарымен таныстырады. Басымдық­тарды қалыптастыру кезінде қазақ тарапы ҰҚШҰ қызметіндегі сабақтастықты сақтаудың маңызды­лы­ғына негізделеді. Әріптестерге мүше мемлекеттер үшін неғұрлым өзекті және талап етілетін ҰҚШҰ жұмысының жарғылық бағыттарына шоғырлану ұсынылатын болады. Жалпы, Қазақстанның ба­сым­дықтарын ҰҚШҰ саммитінде Мемлекет бас­шысы ресми түрде ұсынады», – деді СІМ өкілі.